Қазақстанның бұрынғы президенті алдымен Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевпен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен Байзақ ауданы тұрғындарына көмек көрсету шаралары және қалпына келтіру жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Жамбыл облысының әкімі Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы, сонымен бірге аграрлық сектордағы мәселелерді шешуге және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар туралы баяндады. Қазақстанның бұрынғы президенті өңір басшылығының жұмысына оң баға берді.
Кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Әлжан ана» тарихи музейінің қызметімен танысып, мекеме аумағына ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Қазақстанның Тұңғыш президенті сондай-ақ ауылдағы Мәдениет үйіне барды. Бұл Мәдениет үйінде кітапхана және түрлі үйірмелер жұмыс істейді, 250 орындық концерт залы бар. Елбасы Жамбыл облыстық филармониясының артистері мен аудандық Мәдениет үйінің шәкірттері орындаған музыкалық шығармаларды тыңдады.
Қазақстанның бұрынғы президенті сонымен бірге спорттық-сауықтыру кешенінің жұмыс барысымен танысты. Аталған кешенде ауқымды арена, әмбебап зал және күрес пен боксқа арналған зал бар. Бүгінде спорттық-сауықтыру кешенінде төрт жүзден астам бала мен жеткіншек спорттың еркін күрес, тхэквондо, каратэ, волейбол, футбол, бокс сынды алты түрі бойынша жаттығады.