Қазақ жігіті түскен фильм Қытайда рекорд орнатты

Қытайда тұратын қандасымыз Мұхтар Тілеуғазыұлы «Ержүрек аспан сардары» фильмінде Байрұң тайпасынан шыққан батыр рөлін сомдап шығады. Фильм Жібек жолы бойындағы тарихи оқиғаны баян етеді. Бұл туынды Қытай кино тарихында алғашқы күнгі билеттер сатылымы бойынша рекорд  жаңартты.

Ержүрек аспан сардары, Мұхтар Тілеуғазыұлы

Мұхтар Тілеуғазыұлы — Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысы, Күнес ауданының тумасы. Ол  Қытайдың ең әйгілі режиссерлерінің туындыларында беделді рөлдерде ойнап, көрерменнің көңілінен шығып жүр. Қазіргі күні Қытайдың патшалары мен батырларының рөлін сомдаушылар арасында жоғары сұранысқа ие актерлердің бірі. Негізінен тарихи фильмдерге түседі. Соладың ішіндегі ең атақтысы — Қытайдың Лу Чан есімді белгілі режиссерінің «Патшаның қонағасы» фильмі. Бұл тарихи фильмде Мұхтар Батыс Хан патшалығын құруға еңбек сіңірген атақты сардар Фан Куәйдің рөлінде ойнайды.

Ержүрек аспан сардары, Мұхтар Тілеуғазыұлы

Актер 2013 жылы «Яң Гуйфи» (Яң Гуйфи — Қытай тарихындағы ең атақты төрт арудың бірі болған) фильмінде Ан Лушан сардардың рөлін сомдайды. Актер соңғы төрт жылдың өзінде-ақ 20-дан астам киноға түскен. Мұхтар Тілеуғазыұлының рөл сомдау барысындағы батырларға тән келбеті, ат үстіндегі сайыскерлік өнері  жұртқа ұнаған.

ДереккөзInform.kz