Көршілер арасында қақтығыс болды. Дау жөндеу жұмыстарына байланысты шықты деген болжам бар.
Лисаков тұрғыны кіреберіске аңшылық мылтықпен шығып, ата бастаған. Ер адам екі әйелді жаралады. Оны ұстау үшін жедел-тергеу тобы шақырылды.
Күдікті оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне оқ атып, кіреберіске жасырынып қалды, жедел-тергеу тобының тергеушісі жараланды. Полицейлер артынан қуғанда қайта оқ атты. Үй тұрғындарының қауіпсіздігі мен күдіктінің одан әрі заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін полиция қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болды және күдіктіні жаралады. Осыдан кейін ер адам пәтеріне жасырынып қалды, ол сол жерде кейінірек ұсталды. Үйдің кіреберісінен оқтан жараланған екі әйел табылды. Ішкі істер органдарының қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырды, — деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің өкілдері.
Жарақат алған күдікті жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Сонымен қатар жараланған әйелдердің бірі қаза тапты.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр, енді прокуратура қару қолдану қаншалықты заңды болғанын зерттейді.