Ол экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.
Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев Қазақстан Республикасының энергетика министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылсын, — делінген құжатта.
Мағзұм Мырзағалиев 1978 жылы 7 қарашада Алматыда дүниеге келген.
1999 жылы «Тұран» университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар саласындағы дипломатиялық академиясында оқыды. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде мұнай-газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша білім алған. Еңбек өтілін Теңіз кен орындарында және Батыс Сібірде бұрғылау ерітінділері жөніндегі инженер болып бастады, АҚШ пен Малайзияда тағылымдамадан өтті.
2004-2007 жылдары MI Drilling Fluids International Ақтау филиалының өндіріс жөніндегі менеджері болып жұмыс істеді. 2010 жылға дейін «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры болып қызмет етті.
2010-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ Сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, кейіннен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инновациялық даму және сервистік жобалар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2013 жылдың қазан айынан бастап мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдың тамыз айынан бастап 2019 жылдың маусымына дейін энергетика вице-министрі болды. 2019 жылдың маусымынан қазірге дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып қызмет етті.
Еске салайық, 7 қыркүйекте Нұрлан Ноғаев энергетика министрі лауазымынан босатылды. Ол Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.