10 қыркүйек — Суицидпен күрестің халықаралық күні. Baribar.kz тілшісі адамның өзіне қол жұмсау проблемасына шолу жасады.
Қазақстандағы суицид көрсеткіші қандай?
Finprom.kz зерттеушілерінің 2021 жылы мамырда жариялаған дерегінше, Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны бір жылда 15%, суицидке тырысқандар саны 5% көбейген.
2021 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін елімізде кәмелетке толмағандар арасында 53 суицид әрекеті жасалды. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,2% жоғары. Оның ішінде 32 ұл, 21 қыз бала бар. Өз-өзіне қол жұмсау әрекетін тағы 120 адам жасаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3% көп. Олардың ішінде 21 ұл мен 99 қыз бала бар. Олардың көбі толыққанды отбасыда өмір сүрген.
Сонымен қатар Қазақстан балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалуы бойынша 180 елдің рейтингісінде 50-орынды иеленді. Балалар арасындағы суицид 100 мың тұрғынға шаққанда — 1,3%.
Адам неге суицид жасайды?
Суицид – адам өзіне қол жұмсауы, зиян келтіруі, өзін әдейі және қалауымен өлтіруі. XIX ғасырда Еуропа елдерінде бірте-бірте көбейе бастады. «Суицид және жаппай қол жұмсау» кітабының авторы Джоост Мерлоның айтуынша, дүниежүзі адамдарының 80%-і суицид туралы ойлағанын мойындайды. «Ешбір топ, ұлт немесе адамдар тобы бұл «қоғамның кешірілмейтін күнәсінен» ада емес», — дейді ол.
Адамның өзіне қол жұмсауы әлеуметтік жағдайы мен статусына, өмірдегі құндылықтарына, мінезіне және психологиясына қарай әртүрлі болады. Суицидтің себептерін мынадай мысалмен көрсетуге болады.
Жеке басындағы және отбасындағы конфликтілер. Оған дұрыс қарым-қатынастың болмауы, зорлау, қорлау, реніш, көзіне шөп салу, қызғану, ажырасу, жақын адамы қайтыс болуы, басқалардың мінезі мен әрекетіне қанағаттанбау, жалғыздық, оқшаулану, басқалардан қамқорлық болмауы, сәтсіз махаббат және тағы басқа оқиғалар жатады.
Адамның психика жағдайы. Адамның психикасы, оған қойылған диагнозы және тағы басқа психикалық ауытқулар суицидке себеп болуы мүмкін.
Денсаулық жағдайына байланысты. Денсаулығы нашарлауы, нақты аурудың болуы (әсіресе емделмейтін аурулар), физикалық жағынан азап көруі, туғанынан келбетіндегі, денесіндегі ерекшеліктер, мүгедектік.
Мінез-құлыққа байланысты әрекеттер. Бірнәрседен қатты қорқу, басы дауға қалып, соттан, жауапкершіліктен қашу, белгілі бір әрекеті үшін өзін айыптауы және тағы басқа.
Кәсіби жағынан қалыптасқан келеңсіздіктер. Оған жұмыстағы немесе оқудағы сәтсіздік, беделінің болмауы, бірнәрсені төлеуге қабілетсіздігі, қатаң талаптар және тағы басқалар жатады.
Суицидке себеп болуы мүмкін тағы бір оқиға – материал жағдайының нашарлауы. Табысынан айырылуы, несие мен коммунал қызметтерді төлей алмай, қаражат жоқ болудың салдарынан жағдайдың нашарлап кетуі.
Психологтар мен суицидті зерттейтін мамандар шашамен осындай себептерді алға тартады. Бірақ бұдан басқа да жағдайлар, оқиғалар, біреуге оғаш немесе қызық көрінген оқиғалар да адам өзіне қол жұмсауына итермелеуі мүмкін.
Суицид жасағысы келетін адам не ойлауы мүмкін?
Baribar.kz тілшісі біраз уақыт бұрын психоаналитик Мануэль Мартинезбен сұхбаттасып, суицидтің себептері туралы әңгімелескен еді. Маман қазір Орталық Азиядағы өзіне қол жұмсау мәселесін зерттеп жүр. Психоаналитиктер өзіне қол жұмсаған адамдардың психикасын зерттеп, мынадай қорытындыға келеді: өзіне қастандық жасап, денесін жаралаған адам осы іс-әрекеті арқылы агрессиясын басқаға бағыттайды, яғни өзге жанға зиян келтіріп жатқандай күйде болады. Демек, суицидке барған адамның бойында белгілі бір деңгейде кекшілдік болуы мүмкін. Бұл – инфантиль (ересек адамның балаға тән іс жасауы – ред.) реакция, бірақ факт.
Сонымен қатар Мануэль Мартинез өзіне қол жұмсаудың себебі әр өңірде қалыптасқан түсініктерге байланысты екенін айтады. Оның айтуына қарағанда, қазіргі экономикалық жағдай мен пандемия да суицидтің көбеюіне себеп болып отыр. Карантинге байланысты кей адам табысынан айырылды, ақша жоқ. Қаражатының аз болуына қарай екі бөлмелі үйден бір бөлмеге көшкендер болуы мүмкін. Сабақ та, жұмыс та қашықтан болып жатқандықтан отбасы мүшелері бір бөлмеге жиналады. Қысым, агрессия көбейеді.
Қазір біз депрессиядағы адамның бойында психология симптомынан бөлек жаңа белгі пайда болатынын байқап отырмыз. Ол – неврология симптомы. Әрине, күйзелістің 99%-і психологияға байланысты, бірақ дәл осы күні адамдарда агрессия көп. Себебі карантин пайда болды, тұрмыс қалпы өзгерді, өзгелермен қарым-қатынас азайды. Бұрын «бір кесе шай ішейік» деп кездесіп, жиі араласып жүрген адамдар қазір үйде отыр. Кейбірі ауруханада жатыр, олардың жағдайын сұрап кіруге тағы болмайды. Бұған қоса «Вирус жұқтырып, өліп қалсам, не болады?» деген қорқыныш та бар. Пандемияның салдарынан өлім жайлы ой көбейді, бойымызда «Мына өмірден кейін не бар, әрі қарай не болады?» деген ішкі конфликт басталады, — дейді психоаналитик.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, суицид бүкіл әлемдегі өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. АИТВ, безгек немесе сүт безі қатерлі ісігінен, соғыс пен кісі өліміне қарағанда жыл сайын суицидтен көп адам өледі. 2019 жылы 700 мыңнан астам адам суицидтен қайтыс болды, яғни әрбір 100 өлімнің біреуі — суицид.
Әйелдерге қарағанда ерлер өзіне екі есе көп қол жұмсайды екен. Еркектерде 100 мың адамға шаққанда ерлердің суициді — 12,6%, ал әйелдер арасында — 5,4%). Ерлердің өзіне қол жұмсау деңгейі жоғары табысты елдерде көп (100,000-ға 16,5). Әйелдер үшін суицидтің ең жоғары деңгейі табысы төмен елдерде (100000 адамға 7,1) кездеседі.
2000 жылдан 2019 жылға дейінгі 20 жыл ішінде суицид көрсеткіші төмендеген. Дүниежүзілік орташа көрсеткіш 36%-ке, Шығыс Жерорта теңізі аймағында 17%-ке, Еуропа елдерінде 47%-ке және Батыс Тынық мұхиты аймағында 49%-ке төмендеді. Алайда Америка аймағында суицид 17% өсті.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылы «Әр 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды» деп мәлімдеген еді.
Балалар арасындағы суицидтің себебі қандай?
Дүниежүзілікденсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2016 жылы әлем бойынша 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер алкогольдің ауыр түрін қолдануы 13,6% көлемінде тарады. Ұйым мамандарының айтуынша, мұндай оқиға жасөспірімдерге үлкен қауіп төндірді.
Жасөспірімдердің темекі мен есірткіні қолдануы да ерекше алаңдаушылық туғызды. Жастар арасында көп тараған есірткінің түрі – каннабис. Тіпті оны 15-16 жастағы жастардың 4,7%-і кем дегенде бір рет қолданған. Ал темекі шегетін ересектер оны 18 жасқа толмай тұрып татып көрген.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зорлық-зомбылық жасау — өлім ықтималдығын арттыратын қауіпті мінез-құлық деп есептейді. 2016 жылы адамдар арасындағы зорлық-зомбылық жасөспірімдердің өлімінің екінші себебі болды. Ал жалпы дүниежүзінде 15-29 жас аралығындағы адамдардың өлімінің екінші себебі — суицид.
Қалай суицидтің алдын алуға болады?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілі бір қадамдар арқылы әлемдегі өзіне қол жұмсау көлемін азайтуға болады деп есептейді. Ол үшін ұйым мамандары суицидтің алдын алу шараларына қолдау көрсету үшін өзінің LIVE LIFE тәсілін ұсынады. Бұл әдіс төрт стратегиядан тұрады:
- қауіпті препараттар мен атыс қаруы сияқты суицид құралдарына қол жеткізуді шектеу;
- суицид туралы хабарлауға жауапкершілікпен қарау қажет екені туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен түсіндіру жұмыстары;
- жасөспірімдердің әлеуметтік және эмоционал дағдысының дамуына ықпал ету;
- суицид туралы ой мен мінез-құлықтан зардап шегетіндерді ерте анықтау, бағалау, қолдау және қадағалау.
Қайта-қайта әрекет ету қаупінің жоғары болуына байланысты суицид жасауға тырысқан адамдар үшін медицина қызметкерлерінің үнемі байланыста болуы, оның ішінде телефонмен және үйге бару арқылы және жергілікті қауымдастықтардың қолдауы өте маңызды.