«Маңғыстау-Ақтөбе» темір жол бағытындағы өртке қатысты сот үкімі шықты

Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі сотталушы У. әріптестерімен бірге 13 желтоқсанда 2020 жылы Маңғыстау стансасынан «Маңғыстау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызына жалғанған цифрлы пошталық жүк вагонымен іс-сапарға шыққанын мәлімдеді.

Пошталық жүк вагонының ішіне өзі жауапты бола тұра, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нұсқаулықтарын сақтамаған.

Белгілі болғандай, вагон ішіне өздері ас пісіруге арналған шағын 5 литрлік газ балоны мен шағын газ пешін қолданып, нұсқаулық талаптарын өрескел бұзып, өз кезекшіліктерінде ас әзірлеген.

Сөйтіп, газ балоны жарылып, өрттің салдарынан пошта вагоны ішіндегі барлық адамдар дене жарақатын алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына орналастырылған.

Нәтижесінде, жолсерік М. Бейнеу аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде өрттен алған дене жарақаты салдарынан қайтыс болған, – делінген Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты толықтай мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен У. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігімен, ҚК-нің 156-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы және темір жол саласы мен пошта қызметімен айналысу құқығынан екі жыл мерзімге айырумен бірге, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, былтыр 14 желтоқсанда «Маңғыстау-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагонынан өрт шыққан еді.