Алтын медаль иегерлері 1500 АЕК, күміс – 1000 АЕК, қола – 500 АЕК көлемінде сыйақы алады.
Зияткерлік, шығармашылық, спорттық бағыттар бойынша және WorldSkills сынды халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау мақсатында конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант тағайындау мәселесі заңнамалық түрде реттелетін болады. Сондай-ақ Халықаралық зияткерлік олимпиадаларға қатысушыларды ынталандыру және қолдау үшін алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК, күміс – 1000 АЕК, қола – 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау жоспарланып отыр, – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында дарынды балаларға тиісті қолдау жасалу керектігін баса айтты.
Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн, − деді мемлекет басшысы.