Қасым-Жомарт Тоқаев антиваксерлер туралы: Жұртты адастырып жатыр

Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеп жатыр. Соның кесірін қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн. Адамзат көп індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті індеттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу керек екенін айтты.

Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтып жатыр. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу керек. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн, — деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 6 669 969, екінші компонентін 5 438 316 адам салдырды.