Жазушы Несіпбек Дәутайұлы өмірден озды

Несіпбек Дәутайұлы 1947 жылы 30 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Киров атындағы колхозда (қазіргі Кенен ауылы) дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын 1972-1980 жылдары аудандық «Қордай» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы ретінде бастады. Кейін Жамбыл облыстық газетінде меншікті тілші болып жалғастырды.

Айта кетерлігі, жазушы «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды.

Ол Ғ.Мұстафиннің 100 жылдығына арналған әдеби бәйгенің, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жеңімпазы. ҚР Тәуелсіздігі және Астананың 10 жылдығына арналған медальмен марапатталған. ҚР Ұлттық кітапханасы өткізген «Ең үздік роман» байқауында «Құдірет пен қасірет» романы жүлдеге ие болған. Бұдан бөлек, Несіпбек Дәутайұлы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша лауреаты. Көзі тірісінде бір топ шығармасы «Жол» деген атпен түрік тілінде жарық көрді.

Жазушының артында оқырманға мұра болып «Ақ көгершін», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» атты повестері, «Құдірет пен Қасірет» романы, «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ойынды еті он бөлек», ІІ томдық таңдама шығармалар жинағы, «Аты жоқ әңгіме», «Кісі иесі» сияқты кітаптары қалды.