Елбасы: Сұлтан Оразалин саналы ғұмырын қазақ телевизиясына арнады

Сұлтан Шәріпұлы саналы ғұмырын әдебиет пен мәдениетке, әсіресе қазақ телевизиясы мен радиосының өркендеуіне арнады. Сонымен қатар егемендік жылдары бірқатар жауапты мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, қаламгерлік пен қайраткерліктің тізгінін тең ұстаған талантты тұлға, майталман маман болатын. Оның қоғамдағы көкейкесті мәселелерді арқау етіп, әлеуметтік астарын аша білген айшықты авторлық бағдарламалары мен әдеби-мәдени хабарлары, танымдық телеқойылымдары, мазмұнды кітаптары қашан да өз құндылығын жоғалтпасы анық, – делінген Елбасы сайтында жарияланған жеделхатта.

Сонымен бірге Тұңғыш Президент шебер ұйымдастырушы, сұңғыла сұхбатшы ретінде көпшіліктің ықыласына бөленген абзал азаматтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.