Алматы қалалық соты Мамай мен Иманбаеваның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі оның заңдылығы мен негізіне байланысты күшінде қалды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, — делінген жазбада.

Алматы қаласы сотының апелляциялық сот алқасы өз шешімін түсіндіре отырып, сотта жауапкерлер Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның өз материалдарындағы, соның ішінде әлеуметтік желілерден алынған мәліметтері шындыққа сәйкес келетінін дәлелдемегенін айтты.

Сонымен бірге алқа тараптардың назарын азаматтардың конституциялық құқығын бұзуға жол бермеуге аударды. Атап айтқанда жауапкерлер материалында Бауыржан Байбек ауыр қылмыс жасағаны үшін мақсатты түрде айыптаған. Бұл ретте әрбір адам оның қылмыс жасаудағы кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі, — делінген ақпаратта.

Сот талқылауы барысында соттың тарапынан бірнеше рет өтініш айтылса да, жауапкерлер тиісті  дәлелдемелерді ұсынбаған.

Әкімнің кез келген қаулысының заңсыздығы немесе жарамсыздығы тек заңды күшіне енген сот актісімен белгіленуі мүмкін. Бүгінде талапкер Бауыржан Байбек әкім болған кезеңде қабылданған бірде-бір қаулысы сот тәртібімен заңсыз не жарамсыз деп танылмаған. «Қазақфильм» жеріне келсек, оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы соттың күшіне енген заңды шешімі бар. Осы дау бойынша жерді беру заңды деп танылды, — деп жазылған хабарламада.

Бұған қоса, қалалық сот азаматтарды Конституцияны қатаң сақтап, адамдардың құқығын қорғауы, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеуі керек екенін ескертті.