Тәліптер Ауғанстандағы соғыс аяқталғанын мәлімдеді

Мұхаммед Наим Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында жақын арада Ауғанстан жаңа билігінің  басқару түрі белгілі болатынын айтты.

Құдайға шүкір, елдегі соғыс аяқталды. Біз көздегенімізге, еліміздің бостандығы мен халқымыздың тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Біз біреуге шабуыл жасау үшін жерімізді ешкімге пайдалануға жол бермейміз және басқаларға зиян келтіргіміз келмейді , — деді ол.

«Талибан» қозғалысы Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алды. Олар Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялады.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Өзбекстанға ұшып кетті. Бұл туралы оның жеке күзетшісі хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты екінші рет жиын өткізді. Мемлекет басшысы құзырлы мекемелерге бұл елдегі жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды.