Президент Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады

Президент бұл туралы Twitter-де жазды.

Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Tengrinews.kz-тің мәліметінше, кеше, 14 тамызда Сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісі Әлімхан Есенгелдиев Кабулда жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Онда аз қызметкер қалған.

Еске салайық, Ауғанстанда үкіметтік күштер мен Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» қозғалысының содырлары арасында қақтығыс жүріп жатыр. Кейінгі айларда олар айтарлықтай көп аумақты иемденіп, ірі қалаларға шабуыл жасады. Эскалация АҚШ пен олардың НАТО-дағы одақтастары Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін басталды.

Бұған дейін шетелдік БАҚ өкілдері тәліптер Ауғанстан аумағының 90%-ін бақылауына алғанын хабарлаған еді. Осылайша Ауғанстандағы ірі қалалардың ішінен Кабул мен Желалабад, Пәкістанмен шекарадағы Нангархар провинциясының орталығы ғана үкіметтің қолында қалды.