Шерәлі Әнел:
«Бақытгүл апай кіргенде кабинеттің аурасы өзгеретін»
«Өмірдегі ең маңызды сәттің бірі — мектеп кезі. Кластастар, дәріс, сабақтан қашу, сонымен бірге сүйікті мұғалімдер. Ата-анамның жұмыс бабына байланысты 5 мектепте оқыдым. Соның ішінде ең соңғысы Нұр-Сұлтандағы №70 мектеп-лицейі болды.
11 класс — ең қызық әрі уайымға толы оқу жылы. Ұлттық бірыңғай тестілеуге күнде дайындаламыз. Бұл мектепте жазбамның қаһарманы Бақытгүл апаймен таныстым. Ол кісімен алғаш танысқан кезде оқушыларына деген ана жылулылығын, шынайылығын бірден сездім. Ол кісі класқа кіргенде кабинеттің аурасы өзгеретін. Керек кезде қолдау білдіреді, қажет кезде ұрсып та алады, бірақ ешқашан оқушыларын өзі де, өзгеге де ренжіткен емес.
Бәрінен бұрын Бақытгүл апайдың саласына адал болу қасиеті ерекше таңғалдырды. Өздеріңіз білетіндей, астанада қыс 5 айға созылады. Мектепке жақын тұрсақ та, оқушылар ауа райына байланысты сабақтың болмайтынына қуанатынбыз. Ал Бақытгүл апай қала шетіндегі «Қосшы» деген ауылда тұрса да, күнде таңғы 07.00-де қақаған аязға қарамастан жұмысқа келетін. Иә, біз жұмысқа адал, жауапты болу туралы естиміз, бірақ іс-жүзінде оны ересектердің амалынан ғана көріп, үйренеміз. Ал Бақытгүл апай бізге үлгі бола алды. Шыны керек, сол әрекетіне қарап, қызметке деген жауапкершіліктің қандай болатынын түсіндім.
Ең өкініштісі — ересек өмірге қадам басқаннан кейін шаруаға беріліп, өмірдегі ең маңызды нәрселерді ұмытып жатамыз. Сабақ, жұмыс, отбасы және тағы басқа міндетіміз бен мақсатымыз көп. Мектепті тәмамдағаныма 6 жыл болыпты, алайда әлі күнге дейін сол шақтағы жылы естеліктер жадымда.
Сөз соңында Бақытгүл апайыма алғыс айтқым келеді және көптен бері хабарласпай кеткеніміз үшін 11 «А» класс атынан кешірім сұраймын. Біз сізді жақсы көреміз, сыйлаймыз және ешқашан ұмытпаймыз. Кластастарымызбен бас қосып жиналғанда ең әуелі ұстазымызбен кездесуді жоспарлаймыз, дегенмен ыңғайын таба алмай жатамыз. Тіпті, кластастарым «хабарсыз кеткеніміз үшін апай ренжіп жүр» деп алаңдайтын секілді…
Бізге мұғаліммен қарым-қатынасымызды қалпына келтіруге, кешірім сұрауға мүмкіндік берген BI Group-қа рақмет. Кластастарым менімен келіседі деп ойлаймын. Мұғалім — бұл жай ғана мамандық емес, тек білім беріп қоймай, өмірді үйрететін адам».
@Akonya16_08:
«Ұстаз болып туу керек»
«Бәріне сәлем. «Ұстазыма ризамын» жобасы аясында алғашқы ұстазым Қанат Сәдуақасова жайлы айтқым келеді. Ең әуелі басымыздан өткен қызық оқиғадан бастайын. 6 яки 7 қыркүйек. Қанат апай сабақ өтіп жатыр. Сол кезде біреу кластың есігін қақты. Сөйтсек, мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары әр класты аралап, тексеріп жүр екен. Оқу жылының басы болғандықтан оқушылардың оқу құрал-жабдықтарының бар-жоғын түгендеп жатты. Бір қызығы, класта тек бір балада сызғыш бар болып шықты.
Әрине, директор қатты ашуланып, ескерту жасап кетті. Олардың кабинеттен шыққаны сол еді, кластағы бір оқушы қыз сөмкесінен сызғышын тауып алды. Қанат апай әлгі сызғышты ала салып, сыртқа жүгіріп шығып кетті. Сөйтсек, директордың артынан қуып барып: «Тоқтаңыз. Міне, бізде тағы бір сызғыш бар» деп бар дауысымен айғайлап айтқан екен. Дәлізде бір минуттай үнсіз тұрған ұстаздар ду күліп жіберген. Кейін Қанат апай «Баланың білімі оның қарындашы, сызғышы немесе қаламы бар болуымен бағаланбайды» деп өз пікірін айтқан екен.
Педагог таланты — білімін басқаға бере алуында. Ұстаз… Осы бір сөзде қандай тұңғиық бір мағына жатыр. Әр адам үшін бұл сөздің өз орны бар. Мұғалім үлкен өмірге қадам басуға көмектеседі, құрмет, махаббат, құндылықтың не екенін ұғындырып, оқушыларына өзінің рухани білімін де береді.
Адамның ең алғашқы ұстазы — өз ата-анасы. Олар менің тұлға болып қалыптасуым үшін негізімді қаласа, қалған 11 жыл бойы мектептегі мұғалімдерім көкжиегімді кеңейтті. Меніңше, ұстаз болып туу керек. Ол басқаға тәлім-тәрбие бере алуы үшін өзі тәрбиелі болуы қажет. Ұстаздарымды және олардың еңбегін бағалаймын әрі жақсы көремін».
Малика Ялдырова:
«Бағдагүл Ыбрайымғалиқызы жас маманға сенім білдіре алды»
«Тәлімгер…Ол кім? Қарапайым сөздің астарында қандай мағына жатыр? Энциклопедияда келесі анықтама берілген: «Көшбасшы, мұғалім немесе тәрбиеші. Тәжірибелі маман, жастарға өндірісте сабақ беретін шебер». Біз алғашқы қадамымызды жасаған кезден бастап-ақ ата-анамыз — біздің тәлімгеріміз. Қиын уақытта көмектеседі, қол ұшын созады.
Мектепке келгенде тағы бір тәлімгерге ие боламыз. Олар — мұғалімдер.
Ал қазір оқу жылы аяқталды. Біз өстік, енді ересекпіз, көмек пен қолдау қажет емес. Дегенмен жұмысқа алғаш қабылданған кезде өзімізді қайтадан кішкентай баладай сезінеміз. Бұрынғыдай ана қамқорлығын, досымыздың жылулығын күтеміз. №8 мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде қызметімді бастағанда мен дәл осындай жағдайға тап болдым. Ол сәтте мен үшін бәрі жаңа еді: оқушылар, олардың ата-аналары, әріптестермен қарым-қатынас.
Ұстаздар әулетінде өссем де, өмір сүруді әрі жұмыс істеуді әрдайым тоқтаусыз үйрену керек әлемге түстім. Егер осы кезде есімін үлкен әріппен жазуға лайық тәлімгерім Бағдагүл Ахметова Ыбрайымғалиқызын жолықтырмағанымда еңбек жолым қалай боларын елесте де алмаймын. Мектептегі екі жыл қызметімдегі бар жетістігім үшін осы кісіге қарыздармын.
Бағдагүл Ыбрайымғалиқызы — жас маманға сенім білдірген тәжірибелі мұғалім әрі керемет адам. Оның сенімі мені шабыттандырды, қабілеттеріме сенімділік берді. Осындай тұлғаның қолдауынан кейін менің қолымнан көп дүние келетінін және ол кісінің сенімін кір келтірмеуім керек екенін түсіндім.
Екі жыл өтсе де, әлі күнге дейін Бағдагүл Ыбрайымғалиқызын іздеп, ақылдасып отырамын. Тіпті, кейде мұңымды да шағып аламын. Ол кісінің сөзіме құлақ түрмеген, кеңес бермеген күні болған емес. Жалпы педагог мансабымда Бағдагүл Ыбрайымғалиқызын кезіктіргеніме өте қуаныштымын».
Тағы оқыңыз: Педагог мәртебесі: заң мұғалімнің өмірін қалай өзгертті?