Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қызметкердің вакцина алған-алмағанын тексеру тек 1 қыркүйектен басталуы мүмкін. Оған дейін тексеріс алгоритмін жасау жоспарланған.
СЭҚД басшысы орынбасары Сәдуақас Байғабұлов қызметкерлердің ресми құжаты тексерілетінін айтты.
Вакцинация паспорты немесе вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы анықтама; кейінгі 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсеткіш туралы немесе COVID-19 жұқтырып, емделгені туралы анықтама; вакцина алмаған қызметкерлер үшін ПТР-сынамасы теріс нәтиже көрсеткен анықтама (7 күнде 1 рет) тексеріледі, — деді Сәдуақас Байғабылов.
Тәртіп бұзғандар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша анықталады. Ол бойынша 30 АЕК-тен (жеке тұлғалар үшін 87 мың теңге) 1600 АЕК-ке дейін (ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 4,6 миллион теңге) жаза көзделген.
Бұған дейін Қазақстанның бас санитария дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойған болатын. Ол бойынша бірқатар нысан қызметкерлері 2021 жылдың 10 тамызына дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін, ал 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін екінші компонентті алуы қажет.
