Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай өтті?

2021 жылы Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электрон форматта өтті. Талапкер тапсырманы компьютер арқылы орындады. Әр оқушыны бір-бір камера бақылап отырды. Тестілеу жалпы 51 пунктіде өтті. ҰБТ-ның электрон форматта өтуіне байланысты білім министрлігінің ең негізгі шараларының бірі ақпараттық қауіпсіздікті сақтау болған.

Тестілеу жабық VPN жүйеде өткізілді және кодталды. Біз бұл жүйені алдын-ала тексеріп, сертификациядан өткіздік. Сонымен бірге оқушылар бұрын дұрыс жауапты белгілеу үшін парақтағы дөңгелекшелерді бояған болса, осы жылы бұл әдіс қолданылмады, — дейді Әділет Тойбаев.

ҰБТ, тест
Фото: Shymkenttv.kz

Қандай жаңа өзгерістер енді?

Тестілеу үш міндетті және екі бейінді пән бойынша өткен. Тапсырмада кездесетін сұрақтарға біраз өзгеріс енгізілген. Әдеттегідей биыл да тест базасы 30%-ға жаңартылған. Сонымен бірге, бейінді пәндерге контекстік сұрақтар қосылған. Әділет Тойбаевтың айтуынша, ол бала логикасын, функционал сауаттылығын тексеруге арналған.

Оған қоса, талапкерлер тестілеуді қай күні және қай жерде тапсыратынын таңдауға құқылы болды. Сондай-ақ грант конкурсына қатысу үшін тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік алды.

13 шілдеден бастап грантқа өтініш қабылдау басталады. Сол кезде оқушы өзі қалаған ҰБТ сертификатын алып, өткізуіне болады, — дейді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

Ойланған оқушы
Иллюстрация: Baribar.kz

Оқушы тестілеу аяқталған соң жауабын бірден біле алады. Егер нәтижеге келіспесе, сұрақтары болса, 30 минут ішінде аппеляцияға өтініш тапсыра алды.

5000-нан көп камера қолданылды. Оқушының ережені бұзғаны анықталса, оның баллы бірден жойылады, — дейді Әділет Тойбаев.