– Онлайн кітап сатумен қалай айналысып жатсыз? Оның жұмысы қалай жүреді?
– Қазір «интернет дүкен», «онлайн дүкен» деген тіркес таңсық емес боп қалды. Көпшілігіміз соны қолданамыз. Мұның тиімді тұсы көп екенін байқадым. Өзіңе де, тұтынушыға да тиімді. Тұтынушыға тиімдісі – үйде жатып-ақ тапсырыс береді, курьер есігінің алдына дейін жеткізеді. Ал кәсіпкер дүкен үшін ешқандай ғимаратты жалға алмайды, жұмысшылары да аз болады. Негізгі артықшылықтары — осы.
Бұл істі көптен ойлап жүрдім де, бір күні бастап кеттім. Бастап кеттім дегенде, Instagram желісінен парақша ашып алдым. «Ziyat онлайн кітап дүкені» деп аталады. Одан бұрын дизайнерлерге логотип жасатқанмын. Жұмыстың бәрі осыдан басталды. Ал кітаптың жайын жақсы білемін. Қай кітапты қай жерден алуға болатынын, қандай бағаға алуға болатынын біршама меңгеріп алған болатынмын. Оның үстіне жазушы, баспагер Арман Әлменбетпен біраздан бері бірге істеп жүрдім. Соның көп көмегі тиді. Қолымда Арманның «Қасым кітапханасы» сериясымен шыққан біраз кітабы болды, соған көп сенім арттым.
Жұмыс қалай оңынан жүріп кетті? Айналам, әлеуметтік желідегі достарым әдебиетке қатысымның барын, ара-тұра кітап сататынымды біледі. Алғашқы жарнамамды жасағанда достарымның бәрі қолдай кетіп, парақшаларында бөлісті. Айтарлықтай үлкен қолдау білдірді. Демек маған сенді. Егер әмиян немесе сондай бір бұйым сатамын десем, ешкім сенбес еді. Өйткені ондай шебер емеспін. Ал кітап туралы әлдене айта алатынымды о баста өзім де білдім. Сатып тұрған кітабымды ұялмай жарнамалай алатынымды білген соң да бұл істі бастадым. Демде тапсырыс түсе бастады. Алғашқы күнгі тапсырыс айтарлықтай көп болды. Жұмысты жалғыз өзім бастағам, тапсырыстарды да өзіме жеткізуге тура келді. Басқа өңірлердің тапсырысын Қазпошта арқылы жібердім, қала ішіндегі тапсырыстарды өзім тасыдым. Қазір курьерлердің қызметіне жүгінемін. Ол маған әлдеқайда тиімді.
Ал Ziyat деген атау қайдан келді? Осыдан екі-үш жыл бұрын ақын Есенғали Раушанов ағамен әңгімелесіп отырғанымызда ол кісі: «Ғалым Ахмедовпен бір сөйлескенімізде оған: «Аға, сіз туралы мақала жазамын. Оның атын «Зият» деп қоямын» дедім», — деп қалды. Сол сөз маған қатты ұнады. Әрине, естімей жүрген сөз емес. «Зият» сөзі «зиялы» дегенмен мағыналас. «Зияткерлік мектептер» деген сөздің түбірінде сол тұр, басқасын айтпағанда. Бірақ ағаның әлгі әңгімесі әсер етті ме, әйтеуір бірінші рет естігендей, ұмытып қалмайын дегендей қайта-қайта ойлап қойып жүрдім. Кейін осы шаруаны бастағанда Есенғали ағаға хабарластым. «Аға, интернет кітап дүкенін аштым. Атын «Зият» қойдым. «Жазушы» баспасының кітаптарын дүкенге қояйық» дедім. «Өте дұрыс болған. Өзіңе қалай ыңғайлы болса, баспаның кітаптарын солай пайдалан» деді. Әрине, бұл — үлкен қолдау, айрықша шабыт берді. Ағамен соңғы әңгімеміз де осы интернет дүкенге қатысты болған екен.
Сұрақтан кішкене ауытқып кеттім ғой деймін. Бірақ жұмыстың қалай басталғанын, интернет дүкен туралы қысқаша айтқым келгені — осы. Осылайша жұмысым оңынан жүріп кетті. Ешкім тосырқаған жоқ, тапсырыс түсе салысымен мен де тезірек қолына тигізуге тырыстым. Әлі де солай.
– Кітапты қандай әлеуметтік желілер арқылы сатасыз? Парақшаларды қалай жүргізесіз? Сайт жасау ойда бар ма?
– Instagram-нан соң Telegram және Facebook желілерінде парақшаларды іске қостым. Себебі ересектерге сол ыңғайлы болды. Қазір әр парақшаның өз оқырманы бар. Сайт туралы әбден ойланғанмын. Бұл саланы жақсы білетін жігіттерден де кеңес сұрадым. Ақыры сайтты жылы жауып қоя салдым. Себебі белгілі бір сайттың тұрақты оқырманымын дей алмаймын. Керек мәліметті гуглдан іздеймін. Сол сияқты оқырман да керек кітабын Instagram-ның іздеу жүйесінен қарайтынына сенімді едім. Оған мысал ретінде хэштегтерді айтсам болады.
Ал әлеуметтік желідегі парақшаның артықшылығы – үнемі тұтынушының назарында боласың. Парақшаны дұрыс жүргізе алсаң, стористың көрнекілігіне және жиілігіне мән берсең – ұтқаның. Ал тұтынушымен сөйлесе алуың — өз алдына бөлек әңгіме.
Кітаптың фотосына ерекше мән беремін. Әр кітапты өзінше түсіргім келеді. Суретте кітап сөйлеп тұрса деймін. Жүрген жерімде кітап пен фотоаппаратымды арқалап жүретінім сондықтан. Жақсы фон шыға келсе, кітабымды қойып, фотоға түсіріп аламын. Кітап – қалай болғанда да тауарың. Оны өткізуің керек. Сондықтан оны мың құбылтып жарнамалауың керек. Жәй жарнама өте ме? Әлбетте фотоөнерден, мобилографиядан, мәтінмен жұмыстан хабарың болуы керек.
– Кітаптарды қайдан аласыз?
– Кітаптарды автордың өзінен және баспалардан аламын. Алматы бойынша курьерлерге сенім артамын. Байқасаңыз, қазір қалада курьер көп. Олар жаяу да, қоғамдық көлікпен де жеткізе береді. Бағаны да өзің ұсынасың. Осы уақытқа дейін ешқайсысы ұятқа қалдырмады, уақытында апарып беріп жүр. Басқа өңірлерге Қазпошта арқылы жеткізіп жүргенімді айттым. Қазір басқа да қызмет түрлерін қарастырып жатырмын. Себебі Қазпошта әлі де болса баяу. Ал оқырман кітапқа тезірек қол жеткізгісі келеді.
– Қазір сауда қалай жүріп жатыр? Кітапты көбіне кімдер алады? Көбіне қандай жанрдағы кітапқа тапсырыс көбірек түседі?
– Кітап саудасы – өте жақсы сауда. Тауарымның мерзімі өтіп кететін болды-ау деп қапа болмайсың. Тұтынушыға ұсынып тұрған дүниең туралы еркін әңгімелей аласың. Себебі кез келген кітапты сатпаймын. Тарихи кітаптар, қазақ және әлем әдебиетінің классикасы, танымдық әдебиет және балаларға арналған кітаптар – міне, негізінен осындай бағыттағы кітаптарды ұсынамын.
Кітапты жастар көбірек алады. Ал ересектерден ел білетін қаламгерлер, әдебиеттанушылар, тарихшылар тапсырыс береді. Мүйізі қарағайдай қаламгерлер тапсырыс бергенде бір марқайып қаласың, шабыттана түсесің. Барлық оқырманның сұранысын тауып бергің келеді. Себебі олар шынында жақсы кітаптар іздейді. Өкінішке қарай, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тиражы күні кешеге дейін аз боп келді. Қазір 2000-нан 5000-ға көбейді. Олардың бәрі кітапханаларға түсетін де көпшілікке жетпей қалатын.
– Басқаларынан көбірек өтетін немесе қазіргі трендтегі кітаптар қайсы?
– Әлбетте көркем әдебиеттің оқырманы көп. Бір ғажабы – тарихшы Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» деген төрт томдық кітабына сұраныс жоғары. Соған қарағанда мифологияға қызығатындар көп сияқты. Әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі аудармасына тұрақты тапсырыс берушілер де баршылық.
Тағы бір қызық мәлімет айтайын, кітапқа тапсырыс берушілердің көбі – Қазақстанның батыс аймағы. Батыстағы төрт облыстың халқы кітапты жақсы оқиды екен. Енді сізге сұрақ? Бұның себебі неде? Бұл облыстың тұрғындарының ақшасы көп пе, әлде олар кітап оқуды өмірінің мәніне айналдырған ба?
– Тек қазақша кітап сатасыз ба?
– Иә, сөремізде тек қазақ тіліндегі кітаптар тұр.
– Кітапты онлайн сатуды қашан бастадыңыз?
– Жылдың басында іске кірісіп кеттім. Содан бері біраз тәжірибе жиып қалдым.
Жұмысты бастағанда ақын Ақберен Елгезек үлкен қолдау білдірген. Арнайы өтінбесем де, үлкен баспалармен келіссөз жүргізді. Жақсының жақсылығын осындайда айту керек деп ойлаймын. Айтпақшы, Мейрамбек Беспаев — алғашқы тұтынушым болды. Айтарлықтай көп кітапқа тапсырыс берді. Бұл да үлкен күш берді.
Маңыздысы – қызметтің сапасы. Үнемі өсу керек, үнемі жаңашылдық қажет. «Интернет дүкен» деп сыпайылап айтқанмен, қазақша айтқанда, саудагерсің. Тауарың сөреде сықап тұруы керек. Жай тұрмай көздің жауын алып тұруы керек. Интернет дүкен болса да, алдағы уақытта кәдімгі кітап дүкенін ашқым келеді. Себебі оқырман кітапты көзімен көріп, қолымен ұстағысы келеді. Тұтынушылар интернет дүкен деген жазуды көре тұра, «барып көрсем бола ма?» деп жиі сұрайды. Оқырманмен бетпе-бет әңгімелескің де келеді. Дүкен ашсам, былай етер едім дейтіндей әңгіме көп. Бұйырса, ол күнге де жетерміз.