Қазақстанда балаларға арналған кітаптардың электрон каталогы жасалады

ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына арналған шаралар тек биылға емес, алдағы бес жылға жоспарланған.

Алғашқы бес айда жалпы республикалық деңгейде жоспарланған бірнеше шараны өткіздік. Оның ішінде бірнеше конференция, шеберлік кластары, семинар бар. «Рухани қазына» атты төртінші республикалық фестиваль аясында да осы жылға арнап бірнеше шеберлік кластарын ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен қатар балаларға арнап шығарма жазатын жас жазушыларға арнап байқау жарияланды. Жыл сайын шығарылатын «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді сатып алу және басып шығару» бағдарламасы бойынша 50%-тен астам кітапты балаларға арнап шығару туралы жоспарымыз бар. Балаларға арналған кітаптардың электрон каталогын жасап жатырмыз. Балалар қызығатындай әртүрлі форматта кітап шығарамыз. Министрлік өз жоспарын бір жылға емес, бес жылға арнап жатыр. Бұл — күнделікті жұмыс, сондықтан осы жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз, — деді Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің айтуына қарағанда, 21 мамырға жоспарланған «Рухани қазына» фестивалі аясында берілетін номинациялардың көбі балалар әдебиетіне арналады.

2021 жылды Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялаудағы негізгі мақсатымыз — балаларды кітап оқуға тарту. Сонымен бірге балаларға арнап шығарма жазатын жазушыларды, композиторларды қолдау да —  маңызды бағыттың бірі. Биыл белгіленген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Кітап палатасы арқылы балалар әдебиетіне қатысты байқаулар өтеді. «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» конкурстары арқылы да осы балалар шығармашылығын назарға алып отырмыз. Бастысы — 21 мамырда өтетін «Рухани қазына» фестивалі аясында берілетін номинациялардың көбін балалар әдебиетіне арнап отырмыз. Ұлттық кітапханамен, балалармен, мектептермен бірлесіп көп шара өтіп жатыр. Мұның бәрі әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан, Мәдениет және спорт министрлігінің сайтында тұр, — деді Нұрғиса Дәуешов.