Мағжан Серік бұрын Қазақстан темір жолында ЖОО бітірген мамандығы бойынша жұмыс істепті. Алайда 2019-дың қыркүйегінде жеке себептерге байланысты ол қызметтен кетеді де, бір апта ішінде Glovo-ға кіреді.

Гловер Мағжан
Мағжан Серік. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гловерлер жұмысты 9.00-де бастайды. Мағжан қала сыртында, Талғар ауданында тұратындықтан, тасымалдау кестесі ретінде 11.00-ден 23.00-ге дейінгі аралықты таңдаған екен.

Смартфон. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Пандемияға дейін түнгі бірге дейін тамақ таситын едік. Қазір карантин шектеулеріне байланысты 23.00-ге дейін ғана жүреміз. Жалпы біздің курьерлер күніне 12 сағат жұмыс істей алады, — дейді ол.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мағжан күнде таңертең көлігімен қалаға келеді. Райымбек даңғылындағы гаражға автомобилін қойып, сол жерден мопедін алып жұмыс істеуге шығады.

Гловер Мағжан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алғаш осы жұмысқа келгенде велосипедтен бастадым. Кейін мопед сатып алдым да, сонымен тамақ таситын болдым. Ыңғайлы, қоюға арнайы үлкен орын іздеп жүрмеймін. Жанармайды да аз жейді, — дейді ол.

Мопед. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мопедті 290 мыңға сатып алыпты. Өзінің айтуынша, онымен тамақ тасу күн жылыда ғана ыңғайлы. Суық түсіп, қарлы кезең басталғанда қайтадан жеңіл көлікке ауысады.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Компания көлікпен қамтамасыз етпейді, тек күртеше, шалбар, маска, қолғап, смартфон қоятын чехол және қуаттағыш Power bank береді. Қызметкерлер велосипед, мопед, жеңіл авто секілді өзінде бар қатынас құралын пайдалануы қажет.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Жұмысты мына адрестен баста, осы жерде жүру керек» деген шарт жоқ. Кез келген жерден шақырады. Тапсырысты да арнайы уақыт ішінде орындауға міндетті емеспіз. Бірақ неғұрлым тез апарсаң, соғұрлым көбірек табыс табуға болады. Қазір тамақтың дайындалуын да көп күтпейміз. Соның арқасында тапсырыс та мол, — дейді Мағжан.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гловер қанша сағат жұмыс істейтінін өзі анықтайды. Мағжан күнде 12 cағат жұмыс істеп, аптасына бір рет демалыс алуды жөн көреді екен.

Гловер Мағжан
Гловер Мағжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Біз Мағжанмен Нұрлы таудың маңында кездескенбіз. Әңгімелесіп тұрғанда тапсырыс түсті — смартфон біреу хабарласып жатқандағыдай шырылдады. Гловерлер тапсырыс алатын қолданба кәдімгі клиент қолданып жүргендей емес, басқа екен.

Гловер Мағжан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мағжан дереу каскасын киіп, мопедін оталдырды. Тапсырыс бойынша Жандосов көшесінің бойынан бургер алып, оны Бай-Тал тұрғын үй кешеніне апаруы керек. Фотограф екеуіміз такси шақырып,  сол мезетте жолға шыққанымызбен мопедке ілесе алмадық.

Мағжан бургердің дүңгіршегіне 10 минут болмай жетті. Тапсырыс та дайын екен. Оны алып, бірден клиентке тартты. Біз де артынан ердік.

Курьер Бай-Талға келіп, клиентке тапсырысын берді.

Мағжан күнде 16.30-да бір сағаттық үзіліске шығады. Көбіне фастфуд жемей, асханаға кіріп, дұрыс тамақтануға тырысады екен. Жүрек жалғап алған соң ол бізге жұмыстағы қызықтарын айта бастады.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Адамдар түсіністікпен қарайды. Бір рет 2000 теңге шайлық алдым. Бір күні клиентке тамағын әкелсем, ол қолына Cola мен шоколад ұстап тұр екен. «Беремін деп дайындап қойдым. Мынау сізге» деп маған ұсынды. Адамдардың мұндай ниеті қуантады, — дейді ол.

Мағжанның айтуынша, бұл жұмысқа адамдар бастықтың жоқтығы, кез келген уақытта шығуға, демалғың келгенде, үйде қалуға болатыны үшін қызығады екен.

Глово
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ерік өзімде. Аптасына екі-ақ күн жұмысқа шықсам да, маған ешкім ештеңе демейді. Тек жеке рейтингіңе әсер етеді. Жеке жұмыс кестесін аптасына екі рет алып отырамыз, — дейді ол.

Глово, сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Клиент тапсырыс беріп, одан бас тартса, компания өтпеген тамақты апаратын бірнеше пункт ұйымдастырған. Оның ішінде балалар үйі де бар.

Клиент ақшасын төлемегенімен, бізге тамақты алып, арнайы пунктке жеткізгеніміз үшін ақысы төленеді. Балалар үйіне апарғанда, күзетшіге беріп кетеміз, — дейді Мағжан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мың тапсырыс жасалғанда, компания сөмкені жаңартып береді. Мағжан сөмкесін бірнеше рет ауыстырған. Ішкі жағы тамақты бір температурада ұстап тұруға арналған материалмен қапталған. Пицца салатын кезде үлкейтуге болады.

Курьерлерге тек ресторан тамағын емес, супермаркеттен азық-түлік, аптекадан дәрі-дәрмек және құжат сияқты сөмкеге сыятын заттарды да тасымалдауға болады. Осы жолы да Мағжан бір құжатты иесіне беріп кетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мағжан күніне 20 мың теңгеден асатын табыс табады. Ақша жинап, жеке кәсіп бастауды мақсат етіп жүр екен.

Тапсырыс берген мекенжай неғұрлым алыс болса, ақшасы да соған сай жоғары беріледі. Курьердің қызметі 4 километрге 800 теңгеден есептеледі. Күніне шамамен 30 тапсырыс аламын, — дейді гловер.

Курьерлер жылына екі рет медицина тексеруінен өтеді. Компанияға кірерде зейнетақы тұрақты түсіп тұратындай болып орналасуға және жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс істеуге де болады. Жалақы екі аптада бір түсіп отырады.

«Дайынмын» деп алып, тапсырыс алмаса және бұл уақыт аптасына 25 сағатқа жетпесе, курьердің аккаунты блокталады екен. Ал тапсырысты алып, оны орындаудан бас тартса және мұндай жағдай аптасына 14 реттен асып кетсе, нашар нәтиже саналады.

Түскі ас кезінде тапсырыс негізінен бизнес-орталықтардан түседі, ал кешке жеке пәтерлер шақыра бастайды. Бұл жолы жеңіл тамақтану желісінен біраз тағам алып, Радостовец көшесіндегі үйге бару керек болды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Пандемия басталғанда, Мағжан осы компанияда жұмыс істейтін достарымен пәтер жалдап, қалада қалған. Біраз уақыт қаланың сыртындағы үйіне бармаған. Өзі кіргелі, бес досы курьер болып жұмысқа орналасыпты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алғашында көшедегі адамдар сөмкемді көріп, «Бұл не?» деп сұрайтын. Кейін «Артық тамақ бар ма?» дейтін болды. Қазір сұрақтың біразы табысымызға байланысты, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Осыған дейін жеті мыңға жуық тапсырысты орындаған Мағжан жұмысынан кейде жалығатынын да айтады. Бірақ жақсы қаражат табуға мүмкіндік беретінін де қосып қойды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жұмыс күні аяқталғанда ол әдеттегідей мопедін гаражға қойып, көлігімен үйіне қайтты. Мағжанға жақсылап тынығып, демалу керек, себебі таңертең алматылықтарға қызмет көрсетуге оралады.

* * *

Тарих: Курьер қызметі біздің заманымызға дейін пайда болған. Мәселен, парсы патшасы Кир б.д.б. 400 жылдары маңызды ақпарат жеткізу үшін арнайы адам жіберетін болған.

Ал гректердің парсыларды жеңгені туралы хабарды айтамын деп Марафон мен Афин арасындағы қырық шақырымнан астам жолды жүгіріп өткен Фейдипидтің құрметіне қазір марафон жарыстары ұйымдастырылады.