Вице-премьер денсаулық сақтау министрі мен Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Атырау облыстары басшылығының өңірлердегі эпидемиология жағдай туралы есебін тыңдап, медициналық ұйымдар мен халықты қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толыққанды және үздіксіз қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Ведомствоаралық комиссия елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65%-ін және тәуліктік өлім жағдайларының 55%-ін құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағандыда карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.
Бұл аймақтарда 2 тамызынан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:
- орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметін тоқтата тұру;
- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
- мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ін қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және кейінгі 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).
Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
Өңірлердің әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды.
Вице-премьер коронавирус инфекцияның таралуына қарсы күресте мониторингтік топтар жұмысының маңыздылығын және барлық өңірде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін айтты. ШОБ нысандарын рейдтермен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкентте байқалады. Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалып отыр.
Ералы Тоғжанов барлық өңірде мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, вице-премьер еліміздің кейбір өңірінде вакцинацияның төмен қарқынын атап өтті. Мысалы, Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-іне 1-ші компонент егілді, бұл республика бойынша орташа мәннен 2 есе төмен (52,4%). 6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкері COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуға тиіс.
