Назгүл (есімі өзгертілді), емделуші:

«Палатада тарақан көп»

Түркістандағы ауруханалардың бірінде 5 күннен бері ем алып жатырмын. Пневмонияның басталуы белгілерімен қабылдандым. Өкпемді томографияға түсіргенде зақым көлемі 15%-ті көрсетті. Дәрігерлер де, медбикелер де бізге жақсы қарайды. Тек ауруханада емделушіге жағдай жасалмаған. Соған көңілім толмайды. Палатада тарақан көп. Бір палатада төрт адамбыз.

Асханада берген тамағы дәмсіз, оның үстіне порциясы аз. Таңертең кішкене кесемен ботқа береді. Түскі асқа татуы жоқ сорпа ішеміз. Құдай кесір қылмасын, оның да порциясы аз. Кешке сорпа, вермишель, борщ береді.

Өзі екі қабатты госпиталь. Бірінші қабатта жаңадан түскендер мен жағдайы ауыр пациенттер жатады. Адамның жағдайы жақсарса, екіншіге ауыстырады. Кварцты осы екінші қабатқа шашып жатқанын көргем. Онда да есіне түскенде жасайды. Әр қабатта бір дәретханадан ғана бар. Кіріп-шыққанға болады енді.

Өзім осы екіншіде жатырмын, бірақ қайта біріншіге түсіреміз дейді. Шаршап кеттім. Төменге ауысқым келмейді. Өйткені өкпесі көбірек зақымданған адамдардың жағдайын көрген сайын мазам қашады. Олар қатты жөтеледі, өкпе тұсы, арқасы шаншып ауруы мүмкін. Жағдайы ауыр дегендердің бәрі оттекке қосылған.

Коронавируспен ауырып, ауруханаға түскенде үрей пайда болады екен. Аурудан қорқа бастайсың.

Бұл ауруханада көбіне өзім сияқты аяғы ауыр келіншектер мен үлкен кісілер жатыр. Бәріміздің арманымыз, уайымымыз — аман-есен жазылып шығып, үйімізге қайту.

Ғалия (есімі өзгертілді), ауруханаға отбасымен түскен емделуші:

«Балам мазасызданғанда мына жерден қашып кеткім келді»

Күйеуіммен, 2 айлық баламмен ауруханада жатқанымызға 1 аптадай уақыт болды. Алматыдамыз. Отбасымызбен жатқандықтан, бір палатада үшеуміз. Балаларға арналған аурухана болған соң ба, басқа палаталарда да тек отбасы болып жатқанын байқадық. Палатаға басы артық адам кіріп-шықпайды. Бұл – жаңадан салынған аурухана. Сондықтан палата жаңа. Жуынатын бөлмесі мен дәретханасы палатаның ішінде. Балама манеж әкеп берді.

Дәрігерлер температураны күніне екі рет өлшеп кетеді. Екі мезгіл дәрі береді. Дене қызуын, сатурацияны өлшеп, пациенттің бақылау қағазына жазып қояды. Ауруханаға түскенде қалай емдейсіздер деп сұрап алдық. Салатын дәрілердің атын айтты, бәрі жария түрде екені қуантты.

Жедел жәрдеммен түскеннен бастап дәрігерлер де, медбикелер де бірден емімізге кірісті. Автоматты істеуге үйреніп кеткен сияқты.

Күйеуім екеуіміз ПТР тапсырып келдік. Ал баламнан анализді осы жақта алды, одан вирус бар деп шықты. Бірақ қазір жағдайы жақсы. Баламызды күніне екі мезгіл далаға шығаратын едік. Қазір палатадан шығуға болмайды. Бөмлеге сыймайды. Ұйқысы шала болып, тез оянып кететін болды. Кеше бір түн тыныш ұйықтады, шүкір. Күннің ыстығында күнде шомылып жүрген бала еді, суды да аңсайтын сияқты. Оның үстіне үйдегідей жөргегін (подгузник) шешіп, емін-еркін жатқызып қоя да алмайсың. Сол жөргектен де мазасы кетеді.

Менде ковид анықталғанда баланы емізу жағы қалай болар екен деп қорықтым. Сүт дұрыс шықпай қарны ашып қала ма, қосымша тамақ береміз бе деп дәрігерлермен ақылдастым. Бірақ, шүкір, сүт шығып жатыр. Өзім де тамақты қалыпты режимде жеуге тырысамын.

Біздің бала әлі кішкентай болғандықтан түрлі кедергі-қиындықтан қорықтық. Мына жақта түрлі жастағы бала бар ғой. Ойын балалары далаға шыққысы келеді, терезеден телміріп қарап тұрады.

Тоңазытқышқа, қайнаған су алуға ғана дәлізге шығамыз. Палатаға күніне үш рет кварцты өзіміз жасаймыз. Риза болғаным, тазалыққа жауапты адамдар қызметін уақтылы орындайды. Сосын тоңазытқыштағы тамақтардың мерзімі өтіп кетпеуін күнделікті бақылайды екен.

Тамақ үш мезгіл әр палатаның қасына әкелінеді, ыдысыңды беріп құйып аласың. Өздері ыдыс беріп, оны кейін жақсылап жуып әкеп те береді. Негізі тамақты молынан салады. Дәм, иіс сезуім енді-енді қалпына жатқандықтан, тамақтың дәмін дұрыс біле алмай жүрмін. Жаманы болмайды ғой, десек те, картопты көп қолданады екен.

Медицина қызметкерлеріне, техникалық қызметкерлерге қарап оларға оңай емесін түсіндік. Күн ыстықта жабық киіммен жүреді, сол киіммен жуып, сүртеді. Әртүрлі адам жатыр, олардың мінезі де әр қилы. Күнде көңіл-күйімізді сұрайды. Тетікті бассаң, бірнәрсе боп қалды ма деп жетіп келеді. Шынымды айтсам, алғыстан басқа айтарым жоқ. Пациенттерге жақсы қарайды екен.

Өзім эмоцияның адамы болған соң ба, депрессияға беріліп кеткен кездерім болды. Әсіресе, балам мазасызданғанда мына жерден қашып кеткім келді. Отыра қап жылағым да келді. Бастысы аманбыз ғой деп жұбандым.

Айдос (есімі өзгертілді), медицина қызметкері:

«Вакцина салдырғандар салдырмағандарға қарағанда аурудан жеңіл өтеді»

Алматыдағы инфекциялық ауруханада медицина қызметкері (медбрат) болып істеймін. Мұнда алты бөлім, жансақтау бөлімі мен қабылдау бөлімі бар. Мен соның біреуіндк ғанамын. Қазір стационарда жағдай ауырлау. Науқастар саны қайта көбейіп жатыр, аурухана 100% толы, бос орын жоқ. Күнделікті пациенттер шығады, орнына басқалары түседі. Бәрі пневмония және коронавируспен түсіп жатыр. Көбінде пневмония. Ауруханаға түскендердің 80-90%-і ПТР тапсырып, онысы оң нәтиже көрсетіп келеді.

Біздің аурухана ересектерге арналған, 16 жастан асқан адамдар емделеді. Менің бөлімімде ең жасы жиырмадағы қыз болды. Жақында жазылып шығып кетті. Негізі ауырып жатқандардың көбі — орта жастан асқандар. Бірақ алдыңғы толқындармен салыстырғанда жастардың саны артқан. Төсек-орын бәріне жетеді. Олай болатын себебі бар. Күнде таңертең аға дәрігер жедел жәрдем орталығына ауруханада қанша орын бос екенін айтып, санын жібереді.

Қабылдау бөліміне түскен пациенттер жөтеліп, бірнеше күн температурасы көтеріліп, дәм сезбей, иіс сезбей қалу, ентігу сияқты белгілермен түседі.

Алматы бойынша, қателеспесем, коронавирус пен пневмониядан он шақты аурухана емдеп жатыр. Олар жағдайы ауырларды қабылдайтын, жағдайы орташа, жеңіл пациенттерді қабылдайтын болып бөлінеді. Жағдайы жеңіл науқастар провизор орталықтарына жеткізіледі. Ал ауыр, орташа ауырларды Жәкенова атындағы орта клиникалық инфекциялар ауруханасына (РВ-90), біз сияқты инфекциялық ауруханаға апарылады. Өйткені бұл ауруханалар өкпені жасанды желдету аппараттары, оттек сияқты арнайы аппараттармен жабдықталған.

Жедел жәрдеммен қабылдау бөліміне түскенде, пациенттің қан қысымын, дене қызуын өлшейміз. Сатурацияны, яғни қандағы оттек мөлшерін тексереміз, өкпесін компьютер томографиясына түсіреміз, оның қорытындысы 5-10 минутта шығады. Соған қарай шара қолданамыз. Мысалы, кей адам жедел респираторлық-вирустық инфекцияларымен (ОРВИ) келеді. Оларды жатқызуға көрсеткіш болмаса, амбулаторлы емдеуге жолдама берІП, үйіне қайтарамыз.

Ауруханада емге қалатындардан анализ алынады, соған қарай ем белігеленеді. Коронавирусқа қарсы мынадай дәрімен емдейді деген сияқты арнайы препарат болмайды. Әркімді ауру белгілеріне қарай емдейді. Температурасы болса, онысын түсіреді дегендей.

Біздің жұмыс күніміз — 24 сағат. Түнде науқастардың жағдайын бақылаймыз. Жиі қарауды қажет ететін пациенттер болады. Оларға түінмен қайта-қайта кіреміз, өйткені белгілері ауыр пациенттердің жағдайы тез нашарлап кетеді. Қанша қиналып жатса да, айтпай шыдап жата беретін адамдар да бар. Ондай науқастар туралы дәрігерлер бізге ескертіп кетеді.

кЕЙ АЙДА БЕЛГІЛЕНГЕН ШАМАДАН ТЫС жұмыс істейтін кезіміз бар. Ондай жағдай көбіне адам жетіспегенде болады. Бір бөлімнің қызметкері екінші бөлімге уақытша ауыстырылады. Әр «переработкаға» түскен сайын сол күнгі ақшамыз төленеді.

Бұл жерде жұмыс істеп жатақнаыма көп болмады. Қосымша төлемақы аламын. Ондай ақы ауруханада науқаспен байланыста болатын барлық қызметкерге — медбике, санитар, дәрігер, тамақ таратын кісілер — бәріне төленеді.

Спутник V вакцинасын салдырдым. Бірақ ауруханада вакцина алмаған қызметкерлер бар. Олар — екпе салса, денсаулығына қауіп өнуі мүмкін ауруы бар адамдар. Ал негізі коронавируспен ауырғандар ортасында жүргендіктен бәріміз дерлік вакцина салдырдық.

Бізге кейде вакцина алса да, коронавирус жұқтырған пациенттер түседі. Бірақ вакцина салдырмағандарға қарағанда олар аурудан жеңіл өтеді.

Ешқандай вакцина 100% кепілдік бермейді. Өйткені қазір коронавирустың неше түрлі штамы бар. Дегенмен келесіде жұқтырып алса, аурудың жеңіл өтуіне әсер етеді.