Қазақстанда тағы бір ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелді

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Спутник Лайт» Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәжілісі хаттамасының және ҚР Үкіметінің «COVID-19-ға қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы»» қаулысына сәйкес, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының оң нәтижелі қорытындысы негізінде тіркелді, — делінген министрлік таратқан хабарламада.

Комитет уақытша тіркеу куәлігін 8 ай мерзімге берді.

«Спутник Лайт» — бұл SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирус инфекциясы профилактикасына арналған векторлық вакцина, бұлшықет ішіне енгізуге арналған 0,5 мл/доза ерітінді, өндірушісі — Ресей Федерациясы. Вакцина — «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті (26 серотипті адамның рекомбинантты аденовирусы (rАd26)). «Спутник Лайт» тиімділік көрсеткішінің  иммунизация алудан кейін 28-күннен бастап 79,4% құрайтынын атап өтеміз. «Спутник Лайт» иммунизациясынан кейін күрделі жағымсыз реакциялардың тіркелмегенін атап көрсетуге болады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанда қолдануға мақұлданған осымен бесінші вакцина.

Бұрын елде қоланылатын вакциналар тізбесіне  QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax және СоronaVac енгізілген.