Опера және балет театры 87-маусымын жаңарған «Спартакпен» жапты

Алғаш рет «Спартак» балетін Абай атындағы театр 1974 жылы Зәуірбек Райбаев композитор Арам Хачатурянмен бірге қойды. Ал жаңа сценография авторлары — қоюшы-балетмейстер ҚР Халық әртісі Гүлжан Түткібаева, қоюшы-суретші Ресейдің Халық суретшісі Вячеслав Окунев және қоюшы-дирижер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров.

Фото: Максим Кравитц

Арам Хачатурянның музыкасы бүкіл спектакльдің іс-әрекетін толыққанды сипаттайтын болғандықтан, мен үшін аңыз саналады. Джон Уильямс және Ханс Циммер сынды композиторлар Голливудтың тарихи фильмдеріне дәл осы музыкадан негіз алады. Өресі биік, импрессияға толы, керемет музыкаға сүйсінбеу мүмкін емес. Бүгінгі күнге дейін «Спартак» — оркестр үшін де, балет артистері үшін де ең күрделі балет қойылымдарының бірі. Зәуірбек Райбаевтың тарихи нұсқасы — театрымыздың визит картасы. Әрине, Арам Хачатурянның өзі біздің театрымызда өз ноталарын жазып, дирижерлаған партитура бойынша спектакльді дирижерлау мен үшін үлкен мәртебе, — дейді театрдың бас дирижері Ерболат Ахмедьяров.

Спартак – «ерлер балеті» саналады. Онда көптеген ұрыс көріністері, жауынгерлік, эпикалық шайқастар және күрделі ерлер биі бар. Дегенмен сюжеттің қатыгездігіне қарамастан, көптеген көрініс сирек кездесетін сұлу лирика мен адажиоға, ал басты кейіпкерлердің образдары махаббат пен құмарлыққа толы.

Фото: Максим Кравитц

Бұл — «Спартак» балетінің жаңа қойылымы. Себебі театр сахнасында 10 жылдан астам уақыт көрсетілмеді. Мизансценаның қандай да бір өзгешеліктері жоғалып кетті, костюмдер мен декорациялар да ескірді. Ал жаңа «Спартакта» көрермен сахналық безендірудің де, кейіпкерлер мен бейнелердің жаңарған түрін де көре алады. Сонымен қатар, спектакльдің жарығын да жаңартуға тырыстық. Хореографияға келетін болсақ, мұнда театрымыздың хореографиялық мұрасын сақтауды жөн көрдік. Менің ойымша, спектакль ерекше болады. Өйткені қойылымды көрермендер басқа қырдан қабылдайды — жаңарған энергия, Рим империясының рухына енетін көлемді декорациялар, спектакль ауқымды, — деді балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева.

Жаңа премьера аясында балет труппасының барлық құрамы еңбек етті. Ал басты парияларды жетекші солистер Жанель Түкеева мен Азамат Асқаров, Архат Әшірбек пен Айман Егісбаева, Малика Елшібаева мен Нельсон Пенья, Гүлвира Құрбанова мен Рахым Дайыров орындады.

Фото: Максим Кравитц

Вячеслав Окуневтің эскиздері бойынша театрдың тігін цехы спектакль үшін 300-ден астам костюм тікті. Ал жұмсақ және қатты декорациялар дайындайтын цехтар монументті декорациялар мен табиғатты бейнеленген маталарды әзірледі.

Солайша, Абай атындағы Опера және балет театры 87-маусымын жапты.