ШҚО әкімі: Алакөлге дейін Embraer типті үлкен ұшақтар ұшатын болады

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты.

Әкім Шығыс Қазақстан табиғи және мәдени көрікті жерлері мен сауықтыру демалыс орындар саны бойынша жетекші облыстардың бірі екенін айтты.

Сондықтан аймақтағы туризмді дамыту ең маңызды мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді. Біздің облыстың інжу-маржаны – Алакөл. Қазір онда су түбін тазарту жұмыстары жүргізіліп, құтқарушылар мен полиция кезекшілік етіп жатыр. Осы маусымда 163 қонақ үй мен демалыс базалары демалушыларға қызмет көрсетеді. Олардың 94-і Ashyq жүйесін қосқан. 900 қызметкердің 80%-і коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Өткен жылдағыдай Алакөлді COVID-19 еркін аймағына айналдырғымыз келеді. Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылы жағалауда бірде-бір инфекция тіркелген жоқ, — деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, әкім 17 маусымнан бастап Алакөлге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан қосымша пойыздар қатынап жатқанын айтты.

Тасымалдаушы вагондар саны 61-ге дейін көбейтілді, автобустардың да саны артты. Ал, әуежайдағы қайта жөндеу жұмыстары аяқталған соң ұшу-қону жолағының ұзындығы екі шақырымнан асады. Кейін Үржар әуежайы Embraer типті үлкен ұшақтарды да қабылдай алатын болады, — деді Даниал Ахметов.