Нұр-Сұлтанда шілдеде Сирия бойынша келіссөздер өтеді

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдағы кездесуде кепілгер елдер — Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы жоспарлануда. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ирақ пен Ливанның жоғары деңгейдегі өкілдері қатысады, — делінген хабарламада.

Келіссөздердің күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді: Сириядағы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал; Сирияға халықаралық ізгілік көмек көрсету; Женевадағы сириялық конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары; тараптар арасындағы сенімді нығайту, оның ішінде тұтқындармен алмасу, кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу.

Келіссөздердің бірінші күні екіжақты және кепілгер елдердің үшжақты консультацияларын, сириялық тараптармен келіссөздер, бақылаушы тараптардың делегацияларымен байланыстар, ал екінші күні консультацияларды жалғастыру және жалпы отырыс өткізу жоспарланған.

Сонымен бірге кепілгер елдердің, БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитеті сарапшыларының қатысуымен мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы жоспарланып отыр.