Қазақстанда кейінгі екі аптада жол-көлік оқиғасынан 88 адам қаза тапты

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуына қарағанда, кейінгі екі аптада 428 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Еңбек демалысы кезеңі келісімен автокөлік қозғалысының жиілігі өсіп отыр. Соның әсерінен көліктен келетін қауіп-қатер артты. Кейінгі 2 аптада 428 жол-көлік оқиғасы кезінде 88 адам көз жұмып, тағы 505 адам жарақат алды. Оның ішінде 92 көлік апатында кәмелет жасына толмаған 8 бала қайтыс болып, 102-сі зардап шекті. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің үштен бірі – жаяу жүргіншілер, — деді ол.

Ведомство өкілі тіркеліп жатқан жол апаттарының негізгі себептеріне тоқталды.

Аталған жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы. Қала сыртындағы жолдарда болатын апаттардың кісі өлімі көрсеткіші жоғары. Мұндағы басты себеп – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы және қарсы бағытпен жүруі. Ал елді мекен аумақтарында болатын апаттардың негізгі себебі – жаяу жүргінші жолағын кесіп өту ережесінің бұзылуы және жылдамдықты арттыру. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін сақтау қажеттігін еске салады, — деді Нұрділдә Ораз.