Ұйқыны реттеу
Дәрігер кез келген пациентінен оның қалай ұйықтайтынын сұрайды. Себебі ұйқы дұрысталмай, салауатты өмір салтын ұстану қиындау. Маман еңбек демалысында да ең әуелі ұйқыны ретке келтіру керек екенін айтты.
Ересектерге 5-6 сағат ұйқының өзі жетеді. Әсіресе түнгі 23.00-ден 2.00-ге дейінгі ұйқы өте маңызды. Сондықтан кез келген адам 23.00-де ұйқыға жатуға тырысқаны жөн. Әдетте жазда күн ерте түседі, сондықтан 5-ке дейін ұйықтауға кеңес беремін. Ал түсте кемінде 20 минут мызғып, әрі кетсе бір сағат тынығуға болады, — дейді терапевт.
Дұрыс ұйықтау гормондардың бір уақытта бөлінуіне әсер етеді. Күн шықса да, ұйықтай беру дұрыс емес. Ол үшін таңертең пердені ашып, көзге жарық түскенін қадағалау керек. Болмаса, далаға шығып, күнге қарап, ұйқыны ашуға болады. Бұл демалыс кезінде де, жұмысқа шыққан уақытта да ұйқысұрамаудың алдын алады, күн тәртібін қалыптастырады.
Жеміс-жидек пен көкөніс жеп, су ішу
Жаз мезгілінде ауыр, майлы, етті тағамдарға аз көңіл бөліп, орнына осы кезеңде пісетін жемістерді жеу қажет. Сонымен қатар дәрігер суды да өз нормасымен ішуді ұмытпау керек екенін айтып отыр.
Демалып жүрген адамдарға бір күн ашығуға кеңес берер едім. Бірақ суды міндетті түрде ішу керек. Жалпы демалыс, жаз — ЗИЯН ТАҒАМДАРДАН алыстап, рационды реттеуге ыңғайлы уақыт, — дейді дәрігер.
Қозғалу, серуендеу
Дәрігер демалу деген аяқты созып жату емес екенін еске салады. Жылына бір еңбек демалысына шыққан адам «тынығу деген осы екен» деп жатпауы керек. Таңертең кішігірім болса да жаттығу жасап, күніне бір мезгіл серуендеу организм жұмысын ретке келтіреді.
Теңіз жағасында, суда тынығуға мүмкіндігі болса, оған түспей-ақ, адам суға қарап тұрып-ақ демалады. Жағасында серуендеп, тыныстап қайтқанның өзі жүйке жүйесінің тынышталуына көмектеседі. Ұйқыны реттеп, ерте тұрып, таңғы асты уақтылы ішіп, серуендеп қайтса және осы істі бір апта бойы қайталаса, осының өзі адамның жұмыстан тынығуына жетіп жатыр, — дейді Айым Ибраива.
Жұмыстан бір сәт сергуге спорт, күнде қозғалу жәрдемдеседі. Тауға, табиғатқа, саябаққа шыққан әлбетте пайдалы. Дәрігердің айтуынша, табиғатқа шығып, тойып тамақтанбаған дұрыс. Жеңіл тіскебасар алып, жоғары көтеріліп, сосын қайта түсу жүрек қызметіне жақсы әсер етеді екен.
Компьютерден алыс жүру
Адам еңбек демалысын пайдаланып, құрылысқа қатысса, үйін жөндесе, онда оған көп су ішіп, жиі жуыну керек. Бірақ дәрігер еңбек демалысында ауыр жұмыспен айналысуға болмайтынын ескертті. Ал күні бойы компьютермен жұмыс істеп отыратындар демалыста гаджеттен мүлдем алыстағаны дұрыс.
Тіпті смартфонға қарамай, көзін демалдырып, миын тынықтырсын. Ал жұмыс күндері тек 4 сағат компьютерде отырып, арасында демалып келсін. Компьютерде отырғанда, смартфонға қарағанда, басты салбыратпай, тіке ұстау керек. Себебі басты төмен ұстау омыртқаға салмақ түсіреді. Бас салбырап тұрғанда оның салмағы 27 келі болса, тіке ұстағанда 6 келі болып, омыртқаға ауыр болмайды, — дейді маман.
Дәрігер демалу әркімде индивидуал болатынын айтты. Біреуге суға шомылу жақсы демалыс болса, тағы бір адамға серуендеу жеткілікті. Бірақ кез келген демалыста күн тәртібіне қатысты ережелерге көңіл бөлген дұрыс.
Тағы оқыңыз: Тегін медицина тексеруінен қалай өтуге болады?