Тегін медицина тексеруінен қалай өтуге болады?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Аурудың алдын алып, оны дер кезінде анықтап отыру қажет. Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар ма? Ол ақылы ма, әлде ақша төлемей-ақ ағзаны қаратып алуға бола ма? Тексеруден өткісі келетін адам бірінші неден бастауы керек? Қайда барып, қандай анализ тапсырады? Бұл сауалдарға жалпы практика дәрігері, эксперт Розгуль Жекешова жауап берді.

1. Медицина тексеруінен өтудің қандай түрлері бар?

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы кодексі 86-бабы бойынша, медицина тексеруінен өтудің міндетті және профилактикалық деген екі түрі бар.

Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзімді, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) болып бөлінеді.

  • Алдын ала міндетті медицина тексеруі жұмысқа орналасарда, оқуға түсерде адамның кәсіпті қаншалық атқара алатынын немесе оқуға қаншалық жарамды екенін анықтау үшін өтіледі. Кәсіпке қатысты аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
  • Мерзімді міндетті медициналық қарап-тексеру жұмыс істейтіндердің денсаулығын бақылау үшін өтіледі.
  • Ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медицина қарауы жеке тұлғаның еңбекке уақытша жарамсыз/жарамды екенін, оның ішінде алкогольді, есірткіні немесе басқа да мастықты анықтау үшін жүргізіледі.
  • Ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медицина қарауы жұмыс ортасында немесе аяқталған соң қызметкердің денсаулығын бақылау үшін керек.

Профилактикалық түрі туралы келесі картадан оқыңыз.

2. Міндетті медицина тексеруінен кімдер өтеді?

Жоғарыда айтқан 86-бап бойынша, жылына бір рет мына топтағы азаматтар профилактикалық медицина тексеруінен өтеді:

  1. мектеп жасына дейінгі балалар:
  • бала 1 жасқа дейін ай сайын салмағы, бас көлемі өлшенеді, рефлексі тексеріледі;
  • 3 және 5 айлығында вакцина салынады;
  • 2 жастан бастап офтальмолог (көз дәрігері) пен неврапотолог, лорға қаралу қосылады;
  • 4 жастан бастап окулиске тексерілу қосылады;
  • 5-6 жаста баланы эндокринолог та қарайды. Ол баланың қант диабетіне, семіздікке шалдықпауының алдын алады, бала өспесе, себебін анықтайды және тағы басқа қызмет көрсетеді.
  • 7-8 жаста баланы урологқа көрсетуге болады. Оны балалар гинекологы қарауы қажет. Баланың анасы міндетті түрде жанында болуға тиіс.

2. мектеп жасындағы балалар;техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі студенттер;

3. жоғары білім беру ұйымдарының білім алушылары (бакалавр, магистратура, докторантура студенттері;

4. халықтың белгілі бір тобы (созылмалы аурулары бар азаматтар).

Профилактикалық медицина тексеруінен өту – тегін. Оны мемлекет Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен төлейді. Тізімі мына жерде.

3. Медицина тексеруінен қалай тегін өтуге болады?

Негізі әр поликлиника өзіне тіркелген азаматтарды тексерілетін ауру түрі мен жасына байланысты жылына, 2 жылда, 3 жылда бір рет тексеруден өтуге шақырады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы кез келген азаматы өз бетімен медицина тексеруінен өте алады. Оның бәрі дерлік тегін. Тегін болуы үшін өзі тіркелген аурухандан өтуі керек. Азаматтың тексерілуге кететін ақысы Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Медициналық сақтандыру есебінен төленеді.

4. Тексеруден өту неден басталады?

Әуелі тұрғылықты жеріңізге жақын аумақтағы поликлиникаға тіркеліңіз. Оның үш жолы бар:

  • жеке басты куәландыратын құжатты (жеке куәлік немесе төлқұжат) алып, емханадағы тіркеу орнына барып, өтініш жазу  қажет.
  • Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазу. Тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжат болуға тиіс (жеке куәлік немесе төлқұжат). Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.
  • Egov.kz сайтына кіріп, поликлиникаға тіркелуге өтініш қалдырасыз. Ол үшін сайттың басты бетіндегі "Денсаулық сақтау" бөлімін таңдайсыз. "Медициналық көмек" бөлімі ашылады. Сол жерден "Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін басыңыз. "Онлайн сұрау" қызметіне тапсырыс беріңіз. Өтініш беру қадамдары шығады, оған өз дерегіңізді енгізесіз. Сосын "Сұраныс өңделуде" мәртебесі шығады. Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.

Поликликадағы қай терапевтіге тіркелетініңзді білу үшін тіркеу бөліміне хабарласу керек.

5. Емханаға тіркелген соң не істеймін?

Поликлиниканың тіркеу бөліміне барып немесе сол бөлімге қоңырау шалып профилактикалық медицина тексеруінен өтуге жазыласыз. Болмаса, учаскелік дәрігеріңізге хабарлассаңыз болады.

6. Медицина тексеруінен өту үшін қандай анализдер тапсыру керек?

Регистрация бөлімі сізді мынадай төрт түрлі тексеруге жібереді:

  • флюорография: оның қорытындысы бойынша, өкпеден қандай да бір көлеңке байқалса, рентгенге түсіреді. Нәтиже жақсы болмаса, пульмонология орталығына, фтизиатр (туберклезды емдейтін дәрігер) қарауына жібереді. Өкпедегі көлеңкенің не екені рентген арқылы анықталмаса МРТ-ға немесе КТ-ға бағыттайды. Өз поликлинкаңыздың жоламасымен барсаңыз, тексеру ақысы Медициналық сақтандыру есебінен төленеді.
  • микрореакция тексеруі: бұл – көбіне жыныстық жолмен жұғатын мерез (сифилис) ауруының бар-жоғын анықтайтын анализ түрі. Бұл тексеруден жасы жыныстық жетілуге жеткен азамат әр 10 күн сайын өте алады. Азаматта мерез ауруы анықталса, Тері диспансеріне жолдамамен жіберіліп, сонда емделеді.
  • жалпы қан анализі: бұл анализ адамның жалпы денсаулығын анықтап береді.
  • кіші дәрет анализі: бұл анализ арқылы бүйрек, несеп жолдары, қант диабеті, буын ауруларын және тағы басқа ауруларды анықтауға болады.

7. Азаматтар жасы бойынша қандай скрининг тексеруінен өтуге тиіс?

Кей аурудың бар-жоғын анықтауға азаматтар жасы бойынша шақырылады. Бұл скрингіні де Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен мемлекет төлейді:

  • әйелдер – 30-70 жас - сүт безі қатерлі ісігі; жатыр мойны ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – жүрек-қан тамыры аурулары;
  • ерлер – 40-70 жас – қуықасты безі қатерлі ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – глаукома (суқараңғы) ауруы;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – қант диабеті.

Бұл жасқа жетпеген азамат тіркелген поликлиникасына барып, тегін тексеріле алады. Кәмелет жасына толмаған азаматтың жанында ата-анасы немесе қорғаншысы болуы керек.

8. Емхана өзіне тіркелген азаматтарды тексеруден өтуге шақыра ма?

Емхана өзіне тіркелген азаматтарды медицина тексеруінен өтуге арнайы шақырады. Дегенмен шақыру халықтың жасы мен тексеруден өтетін ауру түріне байланысты кезеңдерге бөлінеді. Мысалы, сүт безі ісігінің бар-жоғын тексеру үшін маммографияға түсуге 2 жылда бір рет, жатыр мойны ісігінің бар-жоғын тексеруге 3 жылда бір рет шақырады.

Шартты түрде алсақ, бір емханадағы 30 бен 70 жас арасындағы әйелдер саны есептеледі. Биыл олардың 25%-і тексеруден өтуге шақырылады. Қалғаны алдағы жылдарда шақырылып отырады.