Асхат Аймағамбетов: Балаларды басқамен салыстыруды тоқтату керек

Қымбатты әріптесім! Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Өкінішке орай, біз дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмадық. Пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететіні анық. Дегенмен, Сіз барлық қиындық пен сын-тегеуріндерге қарамастан, сабақтарыңызды ұтымды ұйымдастырып, мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсете алдыңыз, — деп жазды министр.

Сонымен бірге ол қашықтан оқыту кезінде кей баланың үлгерімі төмендегенін айта кетті. Дегенмен бұл мәселені мұғалімдер шеше алатынына сенімді екенін жеткізді.

Алайда, жұмсалған күш-жігерге қарамастан, қашықтан оқыту кезінде әртүрлі себептерге байланысты артта қалған балалардың білімдері мен басқа оқушылардың білім деңгейін салыстырғанда алшақтық байқалады. Бұл жағдайдың орын алғанына балалар кінәлі ме? Әрине, балалардың еш кінәсі жоқ. Олар дәстүрлі форматта білім алса, Сіздің қолдауыңызды сезініп, өздерін көрсете алар еді деп сенемін. Оларға бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін мүмкіндік беруіміз керек пе? Әлбетте. Мен, сіздің әріптесіңіз ретінде, мамандығымызға тән қасиет — ізгілікке ұмтылып, шәкірттеріңізге көмек қолын созуыңызды сұраймын. Оқушылардың білімі бойынша артта қалуы олардың мүмкіндіктері сондай деген сөз емес. Білім берудегі олқылықтарды қиын жағдай мен оқушыларды жігерлендіру деңгейінің жеткіліксіздігімен сипаттауға болады. Мұндай балалар қазір барлық назарымызды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларымызға қолдау көрсетуіміз керек, — дейді Аймағамбетов ұстаздарға.

Министр қазір балаларға үлкен қолдау қажет екенін айтады.

Оларға махаббат пен қамқорлық қажет. Біз бүлдіршіндеріміздің мектепке барып, білім алғандарын қалаймыз. Сонымен қатар балаларымызды басқалармен салыстырғанымызды тоқтату керек. Пандемия жағдайы мұғалімнің басты қызметі тек ақпарат беру емес, сондай-ақ оның басқа да міндеттерін айқындап берді. Атап айтсақ, балаларға қолдау көрсету, жанашырлық таныту, оларды ынталандыру, көмек қолын созып, тәлімгер болу. Бүгіннің балалары мүлдем өзгеше, олар өздерін еркін ұстайды. Ендігі кезекте олардың бойларындағы жақсы қасиеттерді сақтап, одан әрі дамыту — біздің басты міндетіміз, — деді Аймағамбетов.