Асқар Мамин президентке көктемгі егіс науқанының аяқталғанын айтты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі қайта қалпына келу сатысына өткені туралы айтты. Биылғы қаңтар-мамыр айларындағы ішкі жалпы өнім өсімінің қарқыны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,6%-ті құрады.

Асқар Маминнің айтуынша, дамудың негізгі қозғаушы күші 7,2%-тік өсім деңгейін көрсетіп отырған өңдеу өнеркәсібі (машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және т.б. салаларда қарқынды өсім бар), құрылыс секторы болып отыр.

Экономиканың өндірмейтін секторларында жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Негізгі капиталға құйылған инвестицияның өсімі тау-кен саласын есепке алмағанда 25,5%-ке жеткен.

Президентке көктемгі егін егу жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптары 78,2 мың гектарға ұлғайып, 22,7 миллион гектарға дейін артқаны жөнінде баяндалды.

Үкімет көктемгі егіс науқанын қаржылық, материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімді қабылдады. Көктемгі егіс жұмыстарына 128 миллиард теңге қаржы бөлініп, 380 мың тонна жанармай нарықтағы бағадан 14% төмен сатылған және 405,3 мың тонна тыңайтқыш берілген.

Премьер-министр еліміздегі санитария-эпидемиология ахуалының жақсарғанын айтып, COVID-19 індетінің таралуы бойынша Қазақстан «сары» аймақтан «жасылға» өткенін жеткізді. Бір апта ішінде індет жұқтыру деңгейі 30% азайып, коронавирустың таралу индексі 0,84-ке дейін төмендеген. Жұқпалы аурулар бөлімдерінің 24%, жан сақтау бөлімдерінің 21%-інде науқастар ем қабылдап жатыр.

Нұр-Сұлтан «қызыл» аймақта, Алматы мен Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары «сары» аймақта. Қалған 10 облыс – «жасыл» аймақта.

Қазіргі таңда 2,4 миллион адам екпенің бірінші компонентін алды, 1,3 миллионға жуық адамға екпенің екінші компоненті салынған.

Мемлекет басшысы тұрғындарға вакцина салу қарқынын бәсеңдетпеудің және эпидемияға қарсы шараларды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, құрылыс материалдарының бағасын реттеу, сыртқы және ішкі инвестиция көлемін арттыру, өңдеу секторын дамытып, өсімін қамтамасыз ету арқылы экономиканың құрылымдарын әртараптандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды.