Теннис: Зарина Дияс Ноттингем турнирінің үшінші айналымына шықты

Бірінші партияда брейк жасаған аустралиялық теннисші сол басымдығынан айырылған жоқ – 6:4.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Лизетт Кабрера тағы бір брейк жасап кетті. Дегенмен Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Есеп 4:3 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 9 минутқа созылды.

Зарина Дияс жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе рейтингіде 169-сатыдағы тағы бір аустралиялық Арина Родионованың біреуімен таласады.

Теннисшілер үшін Уимблдон турнирі қарсаңындағы дайындық кезеңі болып саналатын Ноттингем додасы 13 маусымда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, А.Бублик пен А.Голубевтің жартылай финалға шықты. Сондай-ақ Д.Евсеев пен Д.Попко Алматы турнирінің екінші айналымына шықты. Елена Рыбакина жекелей сында Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

ДереккөзInform.kz