— Зәмзәгүл, Құлсарыда дүниеге келдіңіз. Шымкенттегі Қазақстан химия-технологиялық университетінде білім алдыңыз. «Теңізшевройлда» қаржы бөлімінде жұмыс істейсіз. Әртүрлі қала, әртүрлі сала. Бұл қалай болғаны?
— Бала кезімде музыкаға өте әуес болдым. Фортепианода ойнап үйренгім келді, сол себепті ата-анам мені музыка мектебіне жазды. Бірақ фортепианоға арналған топта бос орын болмады, сосын домбыра үйірмесіне тіркелдім. Ұнжырғам түсіп, домбыра сабағына барғым келмейді деп жүрдім. Бірақ олар 2-сыныптан бастап сольфеджио, жалпы фортепиано сабағы болатынын айтып көңілімді аулады. Әйтеуір, домбыраны қолға алып, оны қатты жақсы көріп кеттім. Бірнеше жылдан кейін мұғалімдер маған емтихансыз консерваторияға түсуге кеңес берді. Бірақ анам: «Өнер жолы ауыр. Домбыраны хоббиің ретінде алып жүруіңе де болады. Біз қоғамнан орныңды тапқаныңды, тұрақты жұмысың болғанын қалаймыз. Басқа мамандық туралы ойланып көр», — деді. Көңілім қатты түсіп кетті. Тіпті, 8-сыныптан кейін дәрігер боламын деп те шештім. Былайша айтқанда, бір жағадан екінші жағаға мойын бұру.
— Әдетте шығармашыл адамдар гуманитар бағытқа жақын болатын еді. Нақты ғылымға, медицинаға не себепті қызығушылығыңыз артты?
— Химия мен биологияны жақсы көретінмін, осы пәндерден олимпиадаларға қатыстым. Әкем — дәрігер, сондықтан мен де дәрігер болуды шештім. Ол жұмыс істеген клиникада медбике болып қызметке тұрдым. Бір күні клиникада ыстық болды ма, әлде ашылған жараны көрген кезде ме, әйтеуір талып түстім. Содан әкеме менің дәрігер бола алмайтыным айтылды. Бұл өмірімдегі балалық, құбылмалы кезең еді. Содан құжаттарымды Шымкенттегі химия-технологиялық университетінің экономика факультетіне тапсырдым. Не керек, бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін.
— Ал «Теңізшевройлға» қалай келдіңіз?
— ТШО 1993 жылы құрылды. Ол кезде біз екінші ме, үшінші ме курста оқитынбыз. Студенттік тәжірибеден өту керек болды, содан жаңадан құрылған компанияның қаржы бөліміне баруға өтініш білдірдім, қабылдандым. Мен үшін барлығы жаңа. Айнала толған шетелдіктер. Маған компанияның атмосферасы, адамдардың қарым-қатынасы, жұмыс стилі, деңгейі ұнады. Алайда студент маған «Бұл қазақстандық компания ғой, неге мұнда қазақстандықтар жоқ?» деген ой келді. Әрі намысыма тиді. Содан мен осы жерде жұмыс істеймін деген шешімге келдім. Ол үшін маған тек диплом алып, ағылшын тілін жетік білу қажет болды.
— Ал сіз ағылшын тілін білген жоқсыз, иә?
— Әрине. Мектепте алған білім жеткіліксіз. Сондықтан кешкі курстарға жазылдым. Біздің университеттің басқа факультетінде экономика пәнінен беретін Кәрім деген ағай болды. Ұлты – үндіс, бірақ Америкадан келген. Мен оның артынан қалмай, менімен сөйлесуін өтініп жүрдім. Ол ұзақ уақыт келіспей бас тартып жүрді, бірақ ақырында күніне 30 минут уақытын бөлуге уәде берді. Осылайша тілді үйрене бастадым, бір жылдан кейін азды-көпті сөйлесе алатын болдым. Содан кейін ТШО маған жұмыс ұсынды, ал мен оған қуана келістім.
— Сонда сіз бар болғаны 2-3 жылда тілді меңгеріп алдыңыз ба?
–Иә. Сіз білесіз бе, тағы бір ескеретін нәрсе бар. Бұл сол кезде де, қазір де өзекті – ТШО жергілікті кадрлардың дамуына жағдай жасайды. Бізде адамдар ресурстары бөлімі бар, бөлім белгілі бір дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы оқу бағдарламаларды жүзеге асырады. Сол кезде жергілікті кадрларды дамыту өте өзекті мәселе болды. Мәселен, бізге Мәскеуден келген тіл мамандары сабақ берді. Екі жылдан кейін әжептәуір еркін сөйлей бастадым.
Әрине, ол кезде мені компанияда қандай жол күтіп тұрғанын елестете алмағаным рас. Уақыт өте келе, тұлға ретінде, кәсіби маман ретінде қалыптасқан кезде, мансабыңыз бен өміріңіздегі кейбір өтпелі кезеңге қарамастан, бір мақсатқа қарай жылжитыныңызды және әрі қарай соған ұмтылатыныңызды түсінесіз. Үнемі ақырын және нық сеніммен алға қарай жүру керек. Сол кезде бәрі де мүмкін болады. Ең бастысы – өзіңді тоқтамай, үнемі дамытып отыру қажет.
— Зәмзәгүл, сіз еліміздігі ең ірі салық төлеушінің қаржы бөлімін басқарасыз. Бұл үлкен жауапкершілік екені анық. Сіз бұны мақтан тұтасыз ба?
– 2016 жылы ТШО-ның Келешек Кеңею жобасы – Ұңңы ернеуінді қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) үшін сыртқы қаржыландыруды тартуға бірегей мүмкіндік алдым. ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының жалпы құны 45 миллиард АҚШ долларынан асады. Сол кезде серіктестер сыртқы қаржыландыруды, яғни облигациялық қарызды тарту туралы шешім қабылдады. ТШО-ның қазынашылық менеджері ретінде осы жобаға тартылдым. Инвесторларға төлем қабілеттілігі бойынша ТШО-ның кепілдіктері және ішкі, сыртқы тәуекелдерді басқаруымыз қажет болды. Егер жабдықтың, процестер мен технологиялардың сенімділігін қамтамасыз ете алмасақ, онда сыртқы факторлар: мұнай бағасы, мұнай өнімдерін тасымалдау және сату қабілеті, заңдардың тұрақтылығы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы сияқты тіркеулерді бақылай алмай қаламыз. Дегенмен біз командамен бірге қаржыландыруды тартудың жол картасын әзірледік, компания ішінде түрлі бағыттағы сарапшыларды жинадық, сыртқы сарапшыларды: рейтингтік агенттіктерді, заңгерлерді, әлеуетті инвесторларды тарттық және серіктестердің мақұлдауын алдық – біз сол кездегі Қазақстан тарихындағы ең ірі қарыздардың бірін алу үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек еді.
— Үлкен жауапкершілікке бару қиындық туғызбады ма?
– Қазақтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары маған көп әсер етті. Отбасының тұңғышы ретінде қашан да талапшыл болдым. Санамда «бәрінен жақсы болуым қажет», «үлгілі болуым керек», «маған қарап басқалар бой түзейді» деген түсінік қалып қойды. Бұл мені тәртіпке, қорқынышқа қарсы тұруға үйретті. Кез келген жұмысты бастау, әрине қорқынышты. ТШО-ның қазынашылық менеджері етіп тағайындағанда, менің күнделікті жұмысым еліміздегі ең үлкен активті басқару болды. Ол – миллиардтаған доллар ақша. Ауқымды түсіну үшін, ТШО-ның қазақстандық номиналды жалпы ішкі өнімі ЖІӨ-ді қамтамасыз етудегі үлесі кейінгі 10 жылда орта есеппен 11,4% болды. Содан кейін маған қосымша ККЖ-ҰЕҚБЖ жүктелді. Әрине, қорқынышты болды. Бір нәрсені аяқтамау, мәмілелерді шарықтау шегіне дейін жеткізбеу, бондтарды шығармау, инвесторлардың үміттерін қанағаттандырмау, инвесторларға жазылудың жеткілікті деңгейі және қолайлы бағалар болған кезде нарықтағы сәтті мүмкіндіктерді жіберіп алу қорқынышты. Ақырында межедегіден 3-4 есе асып түстік. Біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Қазірдің өзінде, 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі ТШО-ның қазақстандық нарықтағы жиынтық шығындары $24,4 миллиард болды. Ал, ТШО-дағы бір жұмыс орнына ел экономикасындағы тағы 39 жұмыс орны тиесілі. Оларды құруға компания ықпал етті.
— Бұл жоба сізге не үйретті?
— Жалпы, командамен бірлесіп жұмыс істеу ККЖ-ҰЕҚБЖ-ға қаржыландыруды тарту бойынша жобаның табысты болуына өте жақсы әсер етті. Біліктілігі мен лауазымдары да әсер еткеніне сенімдімін. Қазақ халқының отбасылық дәстүріндегі мызғымас ережелерді берік ұстануы қажет. Аға мен қарындастың арасындағы татулықтың өзі қандай?! Осының арқасында, біз әрқашан бір команда болып қала береміз. Бұл күш пен тәртіпті қажет етеді. Өзіңіз қалаған нәрсені ғана емес, отбасы сізден күтетін нәрсені жасауды үйренесіз. Жауапкершілікті сезінесіз және әрқашан қолдау көрсетуге дайын боласыз. Біздің қазақстандықтарға командамен жұмыс істеу оңайырақ. Өйткені біз бала кезімізден бастап үлкен отбасымызбен бірге өсіп келеміз. Міне, осы жобада геологтар, пласт инженерлері, маркетинг және тасымалдау мамандары, өндірісшілер, қаржыгерлер, заңгерлер, экологтар, барлығы да күшін сарп етті.
– Әр команда өзінше дамиды. Ал Сіз өз командаңызға мотивацияны қалай бересіз?
– Менің ойымша, кез келген менеджердің басты міндеті – кадрларды дамыту. Егер олар бұған дайын болмаса, жобаның бірде-бірін іске асыра алмайсың. Егер қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы болмаса, еш нәрсе де өнбейді. Оның үстіне, өздерін қауіпсіз сезінбесе, олар мәселені шешуге қорқады және нәтижені жақсарту үшін пікірімен бөліспейді. Менеджерлер үшін қызметкерлердің қажеттіліктерін қанағаттандыру және жақсы нәтиже көру үшін сенімді атмосфера құру маңызды. Менің басты назарым – адамдар мен технологияларда. Бәсекеге қабілетті болу үшін біздің қимылымыз ширақ және техниканың тілін жетік білуіміз қажет. Сіз жұмысты жаңа технологияларды қолданып, жақсы нәтиже беретін көшбасшылар мен қарапайым қызметкерлерді өсіруден бастауыңыз керек. 28 жыл ішінде ТШО-ның іргетасы нық қаланды. Қызметкерлердің 93%-і – қазақстандықтар. Ал 1993 жылы тек 50%-і болған еді. Қазір менде шамамен 140 адам бар. Жұмыстағы уақытымның 40%-ін соларға арнаймын. Лауазымдық нұсқаулықта көрсетілген дағдыларға қарамастан, әр қызметкердің қабілет – қарымын, тиімділігін үнемі бағалап отырамыз. Біз үшін, бастамашыл, командада жұмыс істей алатын, сенім артуға болатын, күрделі заттарды тек әріптестеріне емес, сонымен қатар компания менеджментіне де ұсына білу сияқты қосымша критерийлер де маңызды. Ал негізгі талап: тың нәрсе ойлау мен кәсіби-экономикалық білім.
Зәмзәгүл Бекова
— Олар ертең қызметте өседі. Орныңызға отырып алады деп қорықпайсыз ба?
— Қазір-ақ, келіп отыра қойсын (күледі). Көшбасшыны тек өзі емес, орнымды кім алмастыра алады, маңызды жұмысты кім жалғастырып кетеді деген сауалдар да алаңдату керек. Сондай-ақ оған сенім арту маңызды. Бұл қазақы тәрбиеде анық байқалады. Ағаның ініге, әпкенің сіңілісіне қамқор болуы. Әкенің баласына ата кәсіпті аманат етіп қалдыруы деген сияқты.
— Сіздің жұмысыңызда қандай кәсіби деформациялар пайда болуы мүмкін?
— Жауапкершілік, шапшаңдық, қысқа мерзімде бәрін атқару! Халықаралық сарапшылар «Осының барлығы адамды жігерлендіреді және тәртіпке салады» дейді. Осы үш қасиетті бойына сіңірген адам болса, біз алмайтын қамал жоқ. Оңға немесе солға бұрылып, артқа шегіну деген де болмайды. Өйткені нәтиже маңызды. Егер бір кезеңде шегінсеңіз, келесі сатыда міндетті түрде ақсап қаласыз. Қаржы — ең жақсы мектеп. Ол тәртіпті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті дамытады.
— Әйел менеджер болғаныңыз жұмысқа кедергі келтірмей ме?
– ККЖ-ҰЕҚБЖ-ға ақша тарту кезінде Лондон, Лос-Анджелес, Бостон мен Нью-Йорктегі инвесторлармен кездесіп,іскерлік мәселелерді талқыладық. Біз әлеуетті инвесторларды әртараптандыруды жоспарладық. Бірінші кезеңде, Еуропа мен АҚШ елдерінің өкілдері, ал екіншісінде Азия елдері болуға тиіс еді. Бұл – жаһандық деңгейдегі кездесулер еді. Онда кәсіби біліктілік маңызды болды. Менің әйел екеніме ешкім де назар аудармады. Керісінше, қазақстандағы ұйымдармен қарым-қатынас кезінде менің әйел екендігім бетке ұрып тұрғандай әсер етті. Бірде, кездесуге келген шенеуніктердің бірі мені елемей, орынбасарыммен үнемі хабарласып тұрды. Өйткені орынбасарым – ер адам болатын. Кейін әлгі шенеунікке кім екенімді және қандай мәселелерді шешетінімді қайтадан есіне түсірдім. Содан кейін әңгіме жақсарды. Әзірге, ер азамат алдында біздің де ұсынатын және айтатын нәрселеріміз бар екенін түсіндіріп, дәлелдеуіміз керек болып тұр.
— Мұнай-газ секторының болашағы қандай? 2020 жылы болған дағдарыс сізге не үйретті?
— Басты тренд — цифрландыру. Бұл біз үшін кез келген нәрсені оңтайландыруға және жақсартуға мүмкіндік берді. Мысалы, күнделікті қайталанатын процестерді онлайн режимге аудару үшін батырманы басу жетіп жатыр. Жүйе сізге қажет деректерді шығарады. Цифрландыру жылына бірнеше жүз миллион АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы — бұл мәселеге келгенде Қазақстан Үкіметімен біргеміз. Тек еліміз цифрландыру үдерісін жеделдетсе екен дейміз. Кейде инновация енгізуге тырыссақ та, мемлекет оны қабылдауға дайын емес. Өйткені тиісті инфрақұрылым жоқ. Энергетика министрлігіндегі цифрландыру департаменті бізге қандай да бір ұсынастар айтса, қуанып қаламыз. Ең бастысы — бірлесіп жүзеге асыруға болатын ұмтылыс бар, жобалар бар. Біз үкіметпен тығыз байланыста болып, ынтымақтастықта жұмыс жасай берсек еліміздің болашағы айқын болмақ.