Бақытжан Сағынтаев Шарындағы селден қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

Қала әкімі балалардың денсаулығы мен өміріне жауаптылардың бәріне алғыс айтып, балаларды қорғауға үндеді.

Балаларды қорғау күні бүлдіршіндердің мүддесі, денсаулығы мен өміріне жауаптылардың бәріне алғыс айтқым келеді. Табиғи апат кезінде оқушыларды құтқарған мұғалім мен бала қайтыс болды. Отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендер тез сауығып кетсін. Балаларды қорғайық, — деді Бақытжан Сағынтаев Twitter-парағында.

Еске салайық, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын.

Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

«Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09.34-те 2010 жылы дүниеге келген қыз баланы тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған. Шарын шатқалында селге аққан қыз бала құтқарылған сәт бейнеленген видео жарияланды.

Шарын шатқалында жоғалған 11 жасар қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Алматының білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді. Кейіннен Шарын шатқалындағы селден оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалім 26 жастағы көркемөнер пәнінен сабақ берген Мерей Ибрагимов екенін хабарлады.