Раиса Сайранқызы, Steppe & World баспа үйі директоры:
Қазақстан 2021 жылды балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялап отыр, бірақ, менің ойымша, балалар мен жасөспірімдер әдебиетін, жазушылар проблемасын жақсы түсінбей жатып, нақты не істеуге болатынын білместен бұл жылды жариялау шала іс сияқты көрінді. Идея жақсы болғанымен, бәрі тым тез болып кетті. Жүйелі жоба жоқ. Дегенмен, бір позитиві — диалог басталды, бұл өте маңызды. Негізінен бұл жылды ғана емес, алдағы 10 жылды балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы деп белгілеуге болады. Өйткені бұл бір күнде шешілетін проблема емес, көп уақытты талап етеді.
Елдің көкейінде тұрған мәселе — Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, бірақ кітап дүкендерінде әлі күнге дейін орысша кітап толып тұр және антикаға айналып кеткен әдебиетіміз ғана бар, қазақша өзге кітап жоқ. «Неге?» деген сұрақ турады. Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, өйткені себебі көп. Одан да маңыздысы — «Проблеманы қалай шешуге болады?» деген сұрақ. Қазақша кітап неге шықпай жатыр? Халықтың қазақ тіліне деген құрметі жоқ па, орысша кітап көп болғаны себепті немқұрайлы қарай ма деген мәселе тұр.
Әрине, кітаптың орыс тілінде болғаны да жақсы. Мұнда да көп ақпарат бар, орыс жазушылары да керемет, оларды да білуге тиіспіз, бірақ тәуелсіз елде өмір сүріп, өз ана тіліңде кітап оқи алмау масқара дер едім. Алайда кейінгі екі жылда жағдай өзгеріп жатыр. Баспалар пайда болып, сапалы кітаптар шығарып жатыр. Нарық қозғала бастады. Бұл кітап индустриясына, әсіресе, қазақша кітап шығару ісін қолға алып жатқандар үшін маңызды.
Біздің Steppe & World баспа үйі қазақша оқуды трендке айналдырғысы келді. Сол үшін дүниежүзінің ең көп сұранысына ие болған кітаптарды аудара бастадық. Оның ішінде танымалы — Хәрри Поттер сериясы.
Осыдан кейін қазақстандық жазушылар «Неге біздің кітабымыз шықпайды», «Бізде де жазушы көп емес пе?» деп айтып жатады. Интеллектуал қоғамның өзінде қазақ тіліндегі әдебиет тек қазақ жазушыларінікі болуға тиіс деген стереотип бар. Иә, жазушыларды қолдайтын баспа болуға тиіс. Өйткені автор мен баспа бірге жұмыс істеп, кітап нарыққа шығады, оқырманға жетеді. Сол себепті мемлекет қолдауы әуелі жазушы мен баспаға берілуі керек. Жазушылардың шығармашылықпен айналысуы үшін жағдайы жасалуы қажет. Конкурстар ұйымдастырылып, шетелде өтетін семинарларға қатысуға мүмкіндік тудырса, тамаша болар еді. Баспаларды техника жағынан қолдау маңызды. Қазіргі уақытта қағаз қымбаттап кетті. Баспаларға субсидия ретінде көмек болса дейміз. Сосын шығарып жатқан кітаптар халыққа жетуі үшін кітапханаларға, кітап дүкендеріне бюрократиясыз қосылуы керек. Одан кейін насихаттау жағынан көмек жасалса екен. Біз сияқты шағын баспалар үшін ең үлкен мәселе — нарыққа кіру және оның ішінде өзімізді жоғалтып алмау. Сол себепті баспаларға ұзақ мерзімге берілетін процентсіз кредит болса деген ұсынысым бар.
Сосын кітап оқу мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Қазақстан білімді ел болғысы келсе, онда кітап сүйетін қоғамды, ұрпақты қалыптастыруға тиіс. Сол себепті балаларға өз ана тілінде сүйсініп, ләззат алып оқитындай жағдай жасасақ, бұл үлкен жеңіс болады.
Кітапты сүйіп оқитын ұрпақ қалыптастыру үшін ата-ананың көп жауапкершілігі бар. Ата-ана кітап пен білімге көңілді көбірек бөлуі және ақшасын да аямауы керек. Содан кейін мұғалімнің ролі зор. Педагогтарымыз тек бар материалмен шектелмей, өздері ізденіп, қорықпай, балаларға арналған қандай әдебиет, жаңалық бар — осының бәрін жеткізіп отырса деген тілек. Бұл үшін Білім және ғылым министрлігі қазір жаңадан шығып жатқан әдебиетті, ғылыми зерттеуді, инновацияны мұғалімдерге жеткізіп отыруға дайын болуы керек. Егер бұған жүйенің әзірше шамасы жетпесе, мұғалімдерге шығармашылық еркіндік берілуге тиіс.
Қазір қазақ тіліндегі контент өте аз. Қандай да бір контент өндіріп отырған ұйымға қолдау болуы керек екенін тағы айтқым келеді. Біздің баспа қолдан келгенше бәрін шығарып жатыр. Әзірше еш жерден көмек алмадық, кітаптарымызды дүкендерге қойып жатырмыз. Шетел кітаптарын қазақ тілінде оқудың керемет екенін дәлелдеп отырмыз. Бізді халық қолдап отыр, бағалап жатыр. Қаншама еңбектің барын біліп отыр. Кризис кезінде тоқтап қалмай, алға жылжи беруіміз керек, енді мемлекеттен қолдау болса дейміз.
Есей Жеңісұлы, балалар жазушысы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы:
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деген бастаманы қазірдің өзінде барлық мекеме жақсы қолға алып жатыр деп ойлаймын. Өзімнің де осы салаға қатысым бар болғаны себепті оны жақсы сезініп отырмын. Мысалы, Алматыдағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі балалар жазушыларымен кездесу ұйымдастырып, олардың кітабын насихаттап жатыр. 1 маусым — Балаларды қорғау күніне де жақсы-жақсы шаралар дайындап жатыр. Қазақстан жазушылар одағы да қарап қалып жатқан жоқ. Одақтың жанында Балалар әдебиеті кеңесі бар. Олар да балалар әдебиетіне қатысты барлық адамды жинап, түрлі шара ұйымдастырып отыр. Былайша айтқанда, қазір біздің осындай шараларға қатысудан қолымыз тимей жүр, бұл жақсы. Нұр-Сұлтандағы ұлттық академиялық кітапхананың жанынан балалар кеңесі ашылды. Мұны белгілі ақын Ербол Бейілхан басқарып отыр. Жақында осы кеңес балалар әдебиетіне қатысы бар азаматтардың басын қосып, бір емес, төрт кездесу ұйымдастырды. Біз де спикер болдық. Қазір астана мен Алматыда ғана емес, Қазақстанның өзге де ірі қалаларынан өкіл қатысып отыр және арнайы ашылған чатымыз бар. Қазір Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрымен де жұмыс істеп жатырмыз. Осы себепті бұл жыл тек флешмоб, челлендж жылы болып қалмайды. Өте жақсы бастамалар көтеріліп жатыр.
Ал проблемаларына келсек, балалар әдебиеті тым аз тиражбен тарайды. 2015 жылы шыққан «Мынау ғазиз дүние» дейтін кітабым қазір жақсы сұранысқа ие болып тұр. 2 мың ғана тиражбен шықты, қолыма 60 дана ғана тиді. Арада 6 жыл өтті. Жақында баспаға барсам, бұл кітап мүлдем қалмаған. Ал менен сұраушылар әлі көп. Оралға жолым түскенде, Атырауға барғанымда оқушылар сұрап жатты. Демек, балалар әдебиетіне сұраныс бар, бірақ тираж аз. Бұрын балалар әдебиетінің «Дарабоз» бәйгесі бөлек өтуші еді, қазір «Алтын қалам» байқауы аясында өтеді. Сол себепті бұл сала көлеңкеде қалып қойып жатыр деп ойлаймын.
Қазір орыс, ағылшын тіліндегі балалар кітабы көп. Меніңше, бала өз тілінде білім алғанға ештеңе жетпейді. Сол себепті Steppe & World баспа үйінің идеясын толық қолдаймын. Бұл баспа Хәрри Поттерден бастап Матилда сияқты мықты-мықты кітаптарды қазақшаға аударып жатыр. Балаға әлем әдебиетін қазақ тілінде таныстыруға үлкен қадам мемлекет тарапынан да, жеке адам тарапынан да жасалып отыр. Осы мүддені біріктіріп, жақсы іс атқаруға болады.
«Балаға көркем әдебиетті қалай оқытамыз», «Кітап оқу мәдениетін қайткенде қалыптастырамыз?» деген сұрақ күн сайын алдымыздан шығады. Бұған ең бірінші кінәлі — ата-ана, біз кінәліміз. 90-жылдардың ортасынан бастап кітап оқу мәдениетін жоғалттық, тек тіршілік қуып кеттік. «Қай жерден көбірек ақша тапсам», «Қайдан жер алып, үй салсам», «Қалай жанымды бақсам?» дегенге көбірек кетіп қалдық. Ал бала тәрбиесі ысырылып қалды. Қазір 90-жылдары да дүниеге келген балалар ата-ана атанып жатыр. Олар өздері көркем әдебиетке құмар болып өспегендіктен бала тәрбиесіне селқос қарайтынына көз жетіп отыр. Олар тілі шықпаған баланың қолына гаджетті ұстата салады. Жеті атасы қазақша сөйлеген баланың тілі орысша шығатын болды. Оны қолындағы гаджет тәрбиелеп отыр. Ата-ана баласының нені көріп, қандай контент тұтынып отырғанына бас қатырмайтын болды.
Өзімнің 3 балам мектепте оқиды. Қазіргі мектеп бағдарламасы тым ауыр. Бала кітап оқымақ түгілі мектеп бағдарламасынан бас көтере алмайды. Түске дейін мектептегі сабағын оқиды, сосын аздап тынығып, тамағын ішіп алып, түнге дейін үй тапсырмасын орындайды. Осы кезде «Мына кітапты оқысаңшы» деуге дәтіміз бармайды. Өйткені баланың көзі қызарып, ноутбук, смартфоннан шаршайды. Менің 7 және 8-класта оқитын балаларым осы оқу жылында тек екі кітаптан оқыды. Өйткені қадағалап, қанша жүрсең де, бала шаршап қалады. Қазір сабақтары бітті, «Бір апта тынығып алыңдар, содан кейін кітап оқимыз» дедім. Былтыр да осылай істегенбіз. Әр күн сайын жұмысқа кетерде балаларыма 50 бет оқу туралы тапсырма беріп кетемін, кешке келгенде ерінбей мазмұнын сұраймын. Осыдан тәп-тәуір нәтиже шықты. Осыны биыл жалғастырсақ дейміз. Өйткені балаларыма арнап көп жинап жинап қойдым. Қазақ, орыс тіліндегі кез келген кітап үйден табылады. Табылмағанынан да оп-оңай тауып әкелуге болады. Балаға мүмкіндік жасауы керек. Әлі де кеш болмай тұрғанда ата-ана өзі де оқып, балаларын да оқытып, жаңа арнаға түсетін кез жетті деп ойлаймын. Мектепке, ұстазға жауапкершілікті арта салу дұрыс емес.
«Ақ желкен» журналының бас редакторы болып тағайындалғаныма 3 ай уақыт болды. Оқырманымыз азайып кеткенін, жаза алатын балалардың сиреп кеткенін байқап отырмыз. 4-5 бала тұрақты жазып тұрады, қалғандары бір рет жазады, журналға жариялауға келмейді десең, оп-оңай теріс айналып кетеді. Қазіргі балалар әлсіз. Сондықтан оларға дем беру үшін ата-ана көмектесуі керек. Әлі де кеш емес.
Ғазиза Құдайберген, Алматының Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі:
Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын үлкен олжа деуге болады. Өйткені көптен бері кітап оқуға қатысты атаулы дата болмады. Бұл — бір жыл төңірегінде ғана емес, үнемі болуы керек шара. Өткенде мектептер «Оқуға құштарлық» деген шараны ұйымдастырды. Мектеп кітапханашылары, ұстаздар балаларды кітапханаға әкеліп, экскурсия жасап, есеп бергендей болды. Кейін тоқтап қалды. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы мұндай болмауға тиіс.
Қолдау жылы болуы үшін әуелі кітап керек. Қазір балалар мен жасөспірімдер оқитын шығарма өте аз. Қазақстандық жазушылар шығармасы немесе шетел әдебиеті аудармалары көп деп айта алмаймын. Қазір жекеменшік баспалар, авторлар көбейді ғой. Олар шығарған кітап кітапхана қорына түсе бермеуі мүмкін. Кейінгі кездері қор мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптармен ғана толығады. Балаларға арналған кітаптар, аудармалар шығып жатқаны туралы естіп жатамыз, бірақ бұл кітап қорға түсуі үшін оның презентациясын ұйымдастыруымыз қажет. Осы себепті мемлекет жекеменшік баспаларды да өзін тартуы керек. Өйткені олар жақсы кітаптар шығарып жатыр. Олардың кітабын мемлекеттік тапсырысқа енгізу қажет.
Балаларға арнап жазатын авторларға да мемлекеттен қолдау керек. Олардың кітабы басылып, кітапханаларға түсуі үшін арнайы грант бөлу керек шығар?! Сосын олардың кітабы барлық кітапханада болуын қадғалау қажет, өйткені кітап дүкендерінде қымбат.
Менің ойымша, кітап оқу мәдениеті отбасында қалыптасуы керек сияқты. Бұл мектеп кітапханашысының немесе мұғалімінің міндеті емес, бірақ бағыт-бағдар беруге тиіс. Сол себепті жас ата-ана баланың кішкентайынан кітап оқуына әсер етуі керек ойлаймын. Түрлі амал-айла, әдіс-тәсіл қолдануы қажет.
Кейінгі кезде байқағаным — біз барлық нәрсеге уақыт пен ақша табамыз, бірақ кітап сатып алуға, кітапханаға баруға уақыт та, ақша да таба алмай жатамыз. Бұл, әсіресе, қазақ отбасыларына қатысты. Баланы кішкентайынан кітапханаға, кітап дүкеніне ертіп әкелу керек. Бұл баланың болашағына құйылған инвестиция дер едім. Бала болашақта үздік жоғары оқу орнында оқуы үшін де сауатты болуы керек қой. Бала ойын қысылмай айтуы, сауатты сөйлеп, сауатты жазу үшін кітап оқуға тиіс.