Арыстанбек Мұхамедиұлы: Кейкі батыр туралы фильм түсіріледі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жұмыс тобы танымал қаһарманның сыртқы бейнесі мен мүсіндік реконструкциясын әзірлеу бойынша ғылыми жұмыстар кешенін аяқтады. Қорытынды кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлы Кейкі батыр туралы деректі фильм түсірілетіндігі туралы айтты.

«2017 жылдың соңында біз Кейкі батыр жайлы ғылыми-деректі фильмді көрерменге ұсынамыз деген ниеттеміз» — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Кейкі батырдың ерлігі, батылдығы, туған елін бақытты және тәуелсіз етуге деген ұмтылысы туралы көптеген кітап, повесть, поэмалар мен деректі әңгімелер жазылды. Олардың ішінде 2001 жылы жарық көрген Серік Тұрғынбектің «Кейкі батыр» тарихи дастаны, 2014 жылы Ш. Байдильдин шығарған «Кейкі батыр» кітабы бар.

Сонымен қатар, биыл талантты қаламгер А. Нұрмановтың Кейкі батыр жөніндегі «Құланның ажалы» романы 2 мың данамен басылып шығарылды. 2017 жылы т.ғ.к. О. Бекмағамбетовтың авторлығымен «Кейкі батыр» ғылыми монографиясы шығады деп күтілуде.

Алдағы уақытта Мәдениет министрлігі тарапынан Кейкі батыр туралы театралдық қойылымдар, деректі және көркем фильмдер түсіруді жоспарлап отыр.

ДереккөзBaq.kz