Басты бетҚоғамНұртілеу Иманғалиұлы...

Нұртілеу Иманғалиұлы мен Михаил Дорофеев атындағы сыйлық тағайындалды

Парламент Сенатының ұйымдастыруымен өтетін журналистер арасындағы «Аманат» байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Қазіргі таңда байқау комиссиясы құрылып, оған бірқатар Сенат депутаты мүше болды. Оның ішінде өздері де белгілі журналистер Нұртөре Жүсіп, Дана Нұржігітова және Айгүл Қапбарованың есімдерін ерекше атап өткен жөн, — деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуына қарағанда, байқау барысында мемлекет басшысы қолға алған жаңғыру бағдарының іске асырылу барысын және заң шығару қызметін сараптайтын үздік материалдар анықталады.

Биыл телевизия, баспасөз, радио және электронды БАҚ салаларына қатысты дәстүрлі жүлделерден бөлек, белгілі қазақстандық журналистер Нұртілеу Иманғалиұлы мен Михаил Дорофеевті еске алуға арналған арнайы сыйлықтар да тағайындалды, — деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, байқаудың шарттары мен талаптары Сенаттың ресми сайтында толық көрсетілген. Жұмыстар 19 мамыр мен 10 маусым аралығында қабылданады. Жеңімпаздардың есімдері журналистер күні қарсаңында белгілі болады.

Еске салайық, 30 қаңтарда белгілі журналист, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық интернет порталының бас редакторы Михаил Дорофеев 49 жасында қайтыс болды.

17 ақпанда тележурналист, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық өнер академиясының кұрметті профессоры Нұртілеу Иманғалиұлы 69 жасында қайтыс болды.