Бүгін азаннан бері бірқатар бұқаралық ақпарат құралының өкілдері хабарласып, «Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?» деп сұрап жатыр. Бұл жайында былтыр арнайы түсініктеме берген едік. Дегенмен тағы бір мәрте айта кетейік. 17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді, — деп жазды Берік Уәли Facebook-парақшасында.
Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтауға Президент әкімшілігі қызметкерлеріне де рұқсат жоқ екенін айтты.
Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, Әкімшілік қызметкерлеріне де президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған, — деді ол.
Президенттің баспасөз хатшысының сөзінше, көрші мемлекеттердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен жеделхаттар мен қоңырау шалу арқылы құттықтап жатыр.
Қазірдің өзінде көрші мемлекеттердің басшылары және Үкімет, Парламент, халықаралық ұйымдардың жетекшілері жүрекжарды тілектерін жеделхаттар арқылы жолдауда, сондай-ақ, телефон шалып құттықтап жатыр. Құттықтаулар толассыз келіп жатыр, — деп жазды Берік Уәли.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 68 жасқа толды. Ол 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген.