Нұр-Сұлтан мен Алматыда ХҚО-дан дайын құжаты үйге жеткізу қызметі іске қосылды

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Азаматтарға арналған үкімет» клиенттің үйіне дейін дайын құжаттарды жеткізу қызметін көрсетуде 144 мемлекеттік қызметті қамтиды. Оның ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскесінің актісі, білім туралы құжатты апостильдеу, мұрағат анықтамасы, әскери билеттің телнұсқасын беру және басқалар бар. Жақын арада жүргізуші куәлігін, жеке куәлікті, паспортты және басқа да құжатты үйге дейін тапсырыспен жеткізу қызметрі қолжетімді болады.

Құжаттар дайын болғаннан кейін клиенттің қажетті мекенжайына жеткізуді рәсімдеуді ұсынатын веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады. Қызмет ақылы, қала бойынша жеткізу құны – 970 теңге.

Біз қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Құжаттарды үйге жеткізу сервисін былтыр сынай бастадық және біртіндеп оны жетілдіріп келеміз. Бұл біздің клиенттеріміздің мемлекеттік қызметтерді алу барысын жеңілдетіп, олардың қаржысы мен уақытын айтарлықтай үнемдейді. Бүгінде сервис алматылықтар мен елорда тұрғындары үшін қолжетімді, жақын арада сервисті өзге қала тұрғындары да пайдалана алатын болады, – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Құжаттарды жеткізу бойынша пилот жоба бір ай бұрын астаналық ХҚО-лардың бірінде іске қосылды, онда серіктес курьерлік қызмет арқылы 50-ден астам құжат жеткізілді. 2020 жылдың қазан айында еgov.kz электрондық үкімет порталында осыған ұқсас қызмет пайда болды – ол кезде автокөліктердің мемлекеттік нөмірі мен дайын техпаспортын үйге жеткізу сервисі іске қосылды.