Шымкентте карантин режимін және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 16 мамырынан бастап эпидемиология жағдайы тұрақталғанға дейін ұзартылсын. Шымкент тұрғындарына және қонақтарына адам көп жиналатын іс-шараларды (еске алу, туған күндер, мерей тойлар, шығарып салу, құдалық, той, беташар және басқа) өткізуге тыйым салынсын, — делінген жаңа қаулыда.
Құжатта бойынша, сонымен бірге 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеледі.
Қоғамдық орындарға (оның ішінде қоғамдық көлікте) және қызметіне рұқсат етілген нысандарға барғанда, ашық ауада орналасқан қоғамдық орындарда (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану талаптары қатаң сақталады.
Бас санитар дәрігер қаланың әкімі, мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлік субъектілерге карантин кезеңінде мына шараларды қамтамасыз етуді тапсырды.
Шымкентте әлеуметтік-экономикалық объектілер қызметіне рұқсат беру және шектеу осы қаулының 1 қосымшасына сәйкес іске асырылсын. Сауда орталықтарында, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендерде, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандарда және халық көп жиналатын орындарда күнделікті дезинфекция іс-шаралары жүргізілсін. Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған жағдайда қалалық командаларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиындарын қайта бастауға рұқсат берілсін, — делінген қаулыда.
Саяжайлар, скверлер, жағалаулар және Шымкенттегі автовокзалдар мен автостанциялар жұмысы қалыпты режимде жүргізіледі. Қаулының толық мәтінін мына сілтемеге өту арқылы оқуға болады.
