Ол кезде отбасымызбен Шу ауданы Қонаев ауылында тұрамыз. Үшінші класта оқимын. Сабақ кестемді реттеп, мектепке баруға дайындалдым. Күнделігімді ашып қарасам, дене шынықтыру сабағы бар екен. Әдетте ауыл балалары дене шынықтыру сабағы болатын күні мектеп форманың ішінен спорт киімін киіп алатынбыз. Киімді көтеріп жүруге, киіп-шешуге ерінеміз бе, білмеймін. Әйтеуір, орамжапырақ сияқты қабат-қабат киініп алдым. Қыс мезгілі болған соң сыртынан қоңыр тоңымды киіп, томпаңдап мектепке қарай жол тарттым.
Ауылдың бір көшесінен өтіп бара жатқанымда кенеттен бір ит атып шығып, артымнан қуа жөнелді. Оны көріп, мен де қаштым. Әлгі ит шалбарымның етегінен тістеп, тартып қалды да, жерге құлап түстім. Кәдімгі құрғақ жерге құласам жақсы ғой, тура сиырдың үлкен жапасына құлап түскенім бар емес пе?!
Үсті-басымның барлық жеріне сиыр жапасы жағылып, жағымсыз иіс мүңкіді. Тоқтамай жылай беріппін, бірақ орнымнан тұрдым да, көзімнен жасым сорғалап ары қарай мектепке кете бердім. Шыны керек, «Үйге барып, киім ауыстыруым керек» деген ойыма келмепті.
Сол кезде алдымнан бізден бір көше жоғары тұратын Мерибан есімді түрік апай шыға келді. Түрімді көріп шошып кетті. Бірден үйіне алып барып, үстімдегі сиырдың жапасын тазалай бастады. Ол кезде қазіргідей үйде жылы су, раковина жоқ қой. «Умывальникке» су құйып, дәкені дымқылдатып, киімімді сүртіп, беті-басымды тазалап жуып берді. Ол аз десеңіз, қалтама тәтті бәліштер салып жіберді. Мәз-мейрам болып мектебіме кеттім.
Қазір жасым 24-те. Алматыда тұрамын. Өкінішке қарай, қала тұрғындары бірін-бірі танымайды, амандаспайды. Балалар көршінің үйіне емін-еркін кіріп-шығып жүрмейді. Ал ауылдың тыныс-тіршілігі мүлдем басқа. Олар қиын жағдайға немесе мен сияқты күлкілі оқиғаға тап болған адамға үнемі қол ұшын созуға дайын.
Мерибан апай мені ауылдағы Орынтай атаның немересі деп білетіні болмаса, біздің отбасымызбен аралас-құралас жан емес. Соған қарамастан бала Самал мектепке осы түрде барып, оқушылар алдында мазақ болмас үшін көмектесіп жіберді. Ол кезде баламын ғой. Көмегінің парқын түсінбедім. 24-ке келіп бұл қайырымды ісіне дән риза болып, еске алып отырмын. Алғысым шексіз.
Тағы да оқыңыз: Қазаққа көмектескісі келіп тұратын жанның ісі