Bek Air ұшағы апаты: риэлтор мен шенеуніктер сотталды

Сот шешіміне сәйкес, барлық сотталушы әуе айлағының жанындағы жерді заңсыз бергені үшін кінәлі деп танылды.

Жаза тағайындау кезінде сот Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасауды қолданып, оларға тағайындалған мерзімдерді 1/4 бөлігіне қысқартты. Мұндай шешім 2013-2014 жылдары жасалған қылмыстарға байланысты қабылданды.

Нәтижесінде:

  • Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Рустам Тұрысбеков қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде төрт жылға бас бостандығынан айырылды және оған жеті жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды;
  • Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің тағы бір бұрынғы басшысы Қайрат Алтынбекұлы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде үш жыл бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге алты жылға тыйым салынды;
  • Талғар ауданы «жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімшесінің бұрынғы басшысы Жарас Мәшімбаев үш жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Талғар ауданы «жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімі басшысының бұрынғы міндетін атқарушы Медеу Қалыбеков үш жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Талғар ауданы «жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімшесінің жерге орналастыру секторының бұрынғы басшысы Берік Абдуллаев үш жылға бас бостандығынан айырылды;
  • риэлтор Нұрайым Алданыш орта қауіпсіздік мекемесінде екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, риэлтордан басқа барлық экс-шенеунік өз кінәсін мойындады. Олар бас бостандығынан айырылмайтын жаза тағайындауды сұрады және соттан кәмелетке толмаған балалардың, қарт ата-аналардың болуын және жасаған ісіне өкінетінін ескеруді сұрады.

Риэлтор Нұрайым Алданыш қылмыстық іске қатысы жоғын айтып, оны толық ақтауды сұрады.

Еске салайық, ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болды. Лайнер Алматы әуежайының маңында құлады. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам қаза тапты.

ДереккөзTengrinews.kz