ДСМ: Ковидтан қайтыс болғандар туралы АҚШ институты дерегі шындыққа сай емес

АҚШ ұйымы бұған дейін «COVID-19 жалпы өлім-жітімін бағалау» зерттеуін жүргізіп, бұл індеттен өлген адамдардың қатары ресми таралған мәліметтен артық деп жариялаған болатын.

«ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 4 729 адамды құрады. 2021 жылдың 4 айында КВИ-дан қайтыс болғандар саны 1 846 адам» деп көрсетілген министрлік ақпаратында.

Яғни пандемия басталғалы бері Қазақстанда КВИ-ден 81 696 адам емес, 6 575 адам қайтыс болған. Сәйкесінше, Денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты дерегінің дұрыс еместігі айқындалған.

Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының алдын-ала деректері бойынша, 2020 жылы қайтыс болғандардың саны 2019 жылмен салыстырғанда 21,8%-ке немесе 29 124 адамға артып, 162 613 адамды құрады. Ал 2019 жылы жалпы 133 489 адам қайтыс болған болатын. Айырмашылық 29 124 азаматты құрап отыр. Бұл мәлімет те АҚШ институтының ақпаратын жоққа шығарып отыр.

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 4 729 адамды қоспағанда, өлім себебі ретінде қан айналымы жүйесінің аурулары, тыныс алу органдарының аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, жұқпалы және паразиттік аурулар тіркелген.

«Жоғарыда баяндалғанның негізінде «COVID-19-дан жалпы өлімді бағалау» атты Денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты (IHME, АҚШ) зерттеуіне сәйкес жарияланған статистикалық деректер Қазақстан Республикасында тіркелген нақты деректерге сәйкес келмейтінін хабарлаймыз» делінген ведомство ақпаратында.