Голливудқа кіру үшін не істеу керек?

Батай Голливудта жұмыс істемейді. Бірақ АҚШ-қа барғандағы негізгі мақсаты — бүкіл әлемге белгілі кино индустриясында қоюшы оператор болу.

Бірге жұмыс істеуге ниетті таныстарым бар. Дегенмен ол үшін, әуелі social member (қоғам мүшесі) деген азаматтық алуым қажет және жұмысқа рұқсат қағазым болуы керек. Қазір соған құжаттар туралап жүрмін, — дейді Батай Ерзат.

Қоюшы оператор Голливудтың Netflix, HBO, Warner Bros сияқты компанияларында істегісі келеді.

Netflix-тің қазіргідей танымал болғанына 3 жылдай уақыт болды. Негізі қысқа фильмдерден бастаған, кейін онлайн, яғни net-фильмдер жасай бастады. Қазақстанда ондай фильмдер жоқ, Қытайдың өзі 5-6 жыл бұрын ғана қолға алды. Netflix жаңа компания ғой, басқа үлкен ұйымдарға қарағанда онда көбірек жеңілдік болады деп ойлаймын.

Батай АҚШ-тың киноиндустриясында кино бірлестігі болатынын, сол салада жетісікке жеткісі келетіндер бірлестікке мүше болуы керек екенін айтады. Ол үшін кино саласынан марапат, таныс қажет. Бір жақсысы, қай ұлттан, қай жақтан келгеніңе қарамайды. Талантыңды дәлелдесең, бірлестікке кіре аласың.

Фантастикалық фильмді түсірудің ерекшелігі қандай?

2019 жылы Батай Қытайдан шыққан қазақтар арасында алғаш болып фантатискалық жанрдағы фильм түсірген. Ол «Big bee» деп аталады.

Фантастикалық фильм түсіруді алғаш рет 1978 жылы кинопродюсер Джораж Лукас Star Wars-та танытты. Оны шығару үшін компьютермен жұмыс істеу керек. Камераның градусы мен биіктік өлшемдерін компьютер суретшісіне өткізу қажет. Камераны алып жүру, кранмен түсіру, объектив пен жарықпен жұмыс істеу — күрделі жұмыс. Оның ішінде экшнды түсіру және бар.

Мен қоюшы оператор болған фантастикалық фильмнің 2 миллион 200 мың доллардай бюджеті болды. Соны жеткіздік.

Фантастика жанрындағы фильмді түсірудің әдеттегі драмалық картинадан айырмасы — алдын ала дайындық жұмысы көп. Фантастикалық фильм — өнеркәсіп, ол кәдімгі зауыттың жұмыс сияқты. Әдеттегі жанрларды түсіргенде техникаға көп сұраныс бола бермейді. Режиссер, актер мен оператор техникаға қатысты проблеманы өзара шешіп ала алады.

Ал фантастика түсіру үшін өте үлкен павильонды алып, түсірілімнен 1-2 ай бұрын сол жерді дайындадық. «Жасыл қор» деген топ мүшелерімен ақылдаса отырып павильонды 50-100 жылдан кейінгі өмір сияқты аймаққа айналдырдық.

Онда экшн директоры мен оның CG (компьютер графикасы) тобы болады.

DIT — камера ұжымына көмектесетін топ, оны қоюшы оператор басқарады. Бұлар камераның биіктігін, градусын, жарық өлшемін компьютер маманына есептеп береді. Ал CG камерада жоқ нәрсені компьютермен жасайтын мамандардан тұрады. DIT берген есепке сай фильмге, мысалы, үлкен бір құбыжықты 3Д-мен жасап қосуы мүмкін. Құбыжықтың өлшемі сол камераның биіктігіне, градусына сай келуі қажет.

Батай Ерзат түсірілім кезінде. Фото жеке архивінен

Батайдың айтуынша, фильм түсіру кезінде басты рольдегі мамандарды автокөлік деп қарастыруға болады. Көліктің рулі — режиссер, моторы — қоюшы оператор, доңғалағы — суретші. Осы үш адам бірлесе отырып бір бағытқа жүрмесе, діттеген жерге жете алмайды.

Режиссер фильмдегі оқиғаның қалай дамитынын шешеді, қоюшы режиссер сол оқиғаны камераға салып беріп, дизайнын жасауға жауапты. Суретшінің міндеті — оқиға болатын орындарды құрастыру, қандай зат болуы қажет екенін, олардың қайда тұруы керек екенін және актерлар мен өзге де кейіпкерлердің костюмін ойластыру.

Қоюшы оператор фильм түсірілімінде қандай қызмет атқарады?

Қоюшы оператор жарықты өте жақсы айыра білуі керек. Фильмдегі адамның, көліктің, ғимараттың бәрін жарықты дұрыс түсіру арқылы әдемі шығаруға болады. Жарықты басқаратын топ гаффер деп аталады. Гафферлер өте маңызды қызмет атқарады, түсірілімдегі жарықтың киловаты өте үлкен, оған көп қаражат кетеді. Фильмде қолданылатын ең жоғарғы электр тоғы қуаты өлшемі — 38 000, 50 000, 100 000 киловатт. Осындай қуаттағы жарықты қоюшы оператор басқарады.

Қоюшы оператордың екі түрлі камера тобы болады. Әрқайсысында кемі 8 адам бар. Одан кейінгі топта ассистенттер жұмыс істейді. Сосын кранмен жұмыс істейтін moving группалар бар. Осы топтың бәрі қоюшы операторға қарайды.

Голливудтың фильмі не себепті әдемі? Өйткені дизайны тартымды, әр оқиғаға, көңіл-күйге сай келіп отырады. Дизайн болмаса, шығармашылық жоқ деген сөз. Яғни алдыңда тұрған нәрсені камераға жазып беру ғана. АЛ мен үшін фильм деген музыка аспабы сияқты. Домбыра арқылы ішкі күйді сыртқа шығарамыз ғой. Фильм түсіру де сол, ішкі философияны жеткіземіз. Әр қоюшы режиссер жан-дүниесін өз бетінше ақтарып, өз стилін табуы керек.

Батай Ерзат түсірілім кезінде. Фото жеке архивінен

Батай фильм дизайнына бір мысал келтірді. Екі адам 180 градус көлемде сөйлесіп тұрғанда оларды сырт келбетінің рольге сай екенін көрсету, олардың сол моменттегі психологиялық келбетін (күлгенін, жылағанын, ренжіп тұрғанын, көңілі толмағанын) жарық пен камера градусы арқылы шығарып беру керек.

Батай Ерзат Қазақстанда бейнеклиптер түсірген. Күйші Асылбек Еңсепов орындауындағы «Әке арманында» режиссер әрі қоюшы оператор болды. Тізгінді түгел бергендіктен жұмысқа емін-еркін кіріскенін айтады.

Бұл бейнеклипті ұзағырақ түсірдік, шамамен 5 күнде бітті. Бір-біріне ұқсамайтын төрт локацияға бардық: ауыл, павильон, «Қазақфильм» студиясы, жайлау. Сонда суретші мен продюсер «былай жүріп түсірсеңіз, сізге ешқандай пайда қалмайды ғой» деп таңғалды. Меніңше, бірінші сапалы жұмысты ойлауы керек, атақ-абырой жинаған соң барып тиын-тебен өзі келеді, — дейді Батай.

Осы бейнеклипте күй басталмай жатып бір минуттық графика қосылған. Соны жасауға бір айдай уақыт кеткен. Батайдың айтуынша, графика — компьютермен жасалатын жоғары деңгейдегі дизайн.

«Қазақстандық комедияда ойды сөзбен жеткізе салады»

Батайдың айтуынша, Қазақстанда бұрын КВН ойнаған немесе сол әзіл-оспақ саласында жүрген адамдар фильм түсіріп жатыр, кей картинадан терең ой табу қиын, авторлар айтылмақ ойды сөзбен жеткізе салады. Біздің киноиндустрия зауыт деңгейіне жетпейді, кішігірім қолөнер студиясынан шығарылып жатқан сияқты.

Бірақ мұны операторлардың кінәсі деп айтуға келмейді. Өйткені кинобизнес енді ғана дамып келе жатыр. Қытайдың киноиндустрияны қолға алғанына 1 ғасырдай уақыт болды. Біздің елде, әзірше фильм түсіруге бюджет аз бөлінеді. Тәжірибе жетпейді.

Батай Ерзат елімізде талантты операторлар бар екеніне сенімді, бірақ олар шетелде жүрген болуы мүмкін, болмаса басқа жұмыспен айналысып жүр.

Жоғарыда фантастикалық жанрдың қалай түсірілетінін айттым ғой. Байқағаным, қазір Қазақстанда ондай фильм түсіре алатын оператор жоқтың қасы. Мен сол деңгейге 10 жыл дегенде жеттім. Түсіруді пленкадан бастадым. Бейжіңде оқыдым, жарнама түсіріп, басқа жанрдағы фильмдер түсірдім. Сол тәжірибенің бәрінен соң ғана жақсы бюджет беріліп, фантастикалық жанр түсіруге мүмкіндік туды. Болдым-толдым демеймін, әрине. Білмегенімді үйреніп, даму үшін Голливудқа келіп отырмын.

Батайдың айтуынша, Оңтүстік Кореяның киноиндустриясы өте жақсы дамып кеткен. Олар 80-жылдары осы сала мамандарын оқытуға АҚШ-қа жібере бастады. Қазір қайтып келгендердің еңбегі жанып, жемісін беріп жатыр. Ал Қытайда фильм түсіруге ақша аямайды. Өйткені маркетинг жақсы дамыған, халық көп. Батай Ерзат болашақта Қазақстанда фильм түсіруге шақырады деп үміттенеді.