Қырғызстан мен Тәжікстан шекара туралы хаттамаға қол қойды

Баткен облысында қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселесі бойынша Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтік делегациялары кездесті.

Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті деп жазды 24.kg.

Қырғыз Республикасының делегациясын Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев, Тәжікстан тарапын елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов басқарды.

Кездесу кезінде қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы ахуалды шешуге бағытталған іс-шаралар туралы пікір алмасты. Қырғызстан мен Тәжікстан делегацияларының басшылары қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеукерек екеніне толық түсіністік білдірді, — делінген хабарламада.

Екі тарап мемлекеттік шекараның қалған учаскелерінде қырғыз-тәжік шекарасының жобалық сызығының сипатын күшейту туралы келісімге келгені атап өтілді.

Үкіметтік делегациялар отырысының қорытындысы бойынша бірлескен хаттамаға қол қойылды.

Айта кетейік, екі ел шекарасының маңындағы қақтығыс 28 сәуір кешкісін басталған. Шекара маңындағы қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болған. 29 сәуірде Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы даулы шекара аймағында қақтығыс тағы қайталанды. Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова 28-29 сәуірдегі қақтығыстан Қырғызстанның 84 азаматы жараланып, үш адам көз жұмғанын хабарлады.

1 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан және Тәжікстан президенттерімен телефон арқылы сөйлесті.

Бішкекте үкімет ғимаратының маңында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға байланысты митинг өтті.

1 мамырда екі тарап атысты толығымен тоқтатуға және елдерден әскерді шығаруға келісті.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз