Қырғыз-тәжік қақтығысы: Қырғызстан мен Тәжікстан келісімге келді

Бұл жөнінде Қырғызстанның АКИpress сайты жазды.

1 мамырда Қырғызстанның Баткен облысында келіссөз өтті. Оған Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев пен Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті басшысы Саймумин Ятимов қатысты. Олар екі ел шекарасындағы атысты толық тоқтату туралы келісті.

Саймумин Ятимов екі мемлекетте қалған барлық дауды шешу үшін шекараларды делимитациялау жөніндегі комиссияның жиналғанын айтты.

Бүгін екі ел мемлекет басшыларының бастамасымен нәтижелі әңгіме өтті. Шекаралас аудандарда болған қайғылы жағдай ешқашан қайталанбауы керек. Біз, саясаткерлер, халқымыздың дәстүрлі бейбіт және тату өмір сүруі үшін мәселелерді шешуге тиіспіз. Қырғыз және тәжік жерлерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесінде мәселелерді шешу үшін келісімге келдік. Менің ойымша, біз мұны жасай аламыз. Біз барлық мәселелерді тез арада шешеміз және біздің халықтарымыз тату және түсіністікте өмір сүреді және толық тұрақтылық қамтамасыз етіледі, — деді Саймумин Ятимов.

Қамшыбек Ташиев төрт тармақтан тұратын хаттама қабылданғанын айтты.

Екі елдің мүддесі үшін төрт тармақтан тұратын хаттама қабылданды. Иә, бүгінде Қырғызстан мен Тәжікстан халқы өте қиын, дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп жатыр. Екі елде қайғылы оқиғасы болды, — деді Қамшыбек Ташиев.

Ол мұндай уақытта кездесу екі тарапқа да өте қиын болғанын, бірақ соған қарамастан біз мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша шара өткізгенін айтты.

Нәтижесінде, атысты толық тоқтату және шекара маңындағы әскери құралымдарды тұрақты орналасу орындарына шығару туралы шешім қабылданды. Жақын арада екі елде, әсіресе шекара маңындағы аумақтарда тыныштық орнайды деп үміттенемін, — деді Қамшыбек Ташиев.

Айта кетейік, екі ел шекарасының маңындағы қақтығыс 28 сәуір кешкісін басталған. Шекара маңындағы қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болған. 29 сәуірде Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы даулы шекара аймағында қақтығыс тағы қайталанды. Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова 28-29 сәуірдегі қақтығыстан Қырғызстанның 84 азаматы жараланып, үш адам көз жұмғанын хабарлады.

1 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан және Тәжікстан президенттерімен телефон арқылы сөйлесті.

Бішкекте үкімет ғимаратының маңында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға байланысты митинг өтті.