Қырғыз-тәжік шекарасында не болды?

29 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан бірнеше адам мерт болды.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова 28-29 сәуірдегі қақтығыстан Қырғызстанның 84 азаматы жараланып, үш адам көз жұмғанын хабарлады. Мерт болғандардың арасында 2008 жылы туған қыз бала да бар. Ол ауруханға бара жатқан жолда көз жұмған.

Екі елдің сыртқы істер министрлігі 29 сәуірде кездесу өткізіп, атысты тоқтатуға, мәселені бейбіт жолмен шешуге келіскендерін хабарлаған. Бұған қарамастан шекарадағы жағдай ушығып тұр.

Екі ел шекарасының маңындағы қақтығыс 28 сәуір кешкісін басталған. Шекара маңындағы қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болған. Қырғызстанның Баткен облысы Көк-Таш ауылы маңындағы «Головной» су тарату орталығының аумағына 100-150 адам жиналып, бір-біріне тас лақтырған.

28 сәуірдегі жанжалда Қырғызстан тарапы төрт адамның зардап шеккенін, үшеуіне тас, біреуіне оқ тигенін мәлімдеген еді. Ал Тәжікстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жеті адамға тас тиіп, жараланғанын хабарлаған.

Қырғызстанның Баткен облысының полициясы 29 сәуір таңғы 4-5 шамасында жағдай қайта ушыққанын хабарлады. Полиция Тәжікстан азаматтары Көк-Таш ауылындағы Қырғызстанның әскери бөлімшесін атқылай бастады дейді. Қырғызстан шекара қызметі таңғы 04:40-та Ақ-Сай ауылында да атыс болғанын жеткізді.

Азаттық тілшілері Көк-Таш ауылынан әйелдер мен балалар эвакуацияланып, Баткен қаласына жеткізілгенін хабарлады.

Қырғызстанның Көк-Таш ауылынан эвакуацияланған әйелдер.
Қырғызстанның Көк-Таш ауылынан эвакуацияланған әйелдер. Фото: Azattyq.org

Ал Тәжікстанның шекара қызметі Қырғызстан тарапының мәлімдемесін жоққа шығарды. Олар қырғыз әскерилері «Головной» су тарату орталығы маңындағы Тәжікстанға тиесілі шекара бөлімшесін бірінші болып атқылай бастады деді.

Тәжікстан шекарашылары 29 сәуірдегі атыс кезінде Сомониен ауылының екі тұрғынына оқ тигенін, бірінің халі ауыр екенін хабарлады.

Жараланғандардың бірін Исфарадағы ауруханаға әкелген сәт. Тәжікстан.
Жараланғандардың бірін Исфарадағы ауруханаға әкелген сәт. Тәжікстан. Фото: Azattyq.org

Душанбе 28 сәуірдегі шекаралас ауылдар арасында болған жанжалды да қырғызстандықтар бастады деп санайды.

Бұл қақтығысқа Тәжікстанның «Головной» су тарату орталығының маңына бақылау камераларын орнатуы түрткі болған. Душанбе камераның су тарату орталығының Тәжікстанға тиесілі тарапына орнатылғанын айтады.

29 сәуірде Қырғызстан парламенті шекарадағы жағдайды талқылау үшін шұғыл жиын өткізген. Германияға емделуге кеткен Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев тез арада елге оралатынын айтты.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook-парақшасында пост жариялап, «халықты тыныштыққа, арандап қалмауға» шақырды. Екі елдің премьер-министрлері Татарстанның Қазан қаласында кездесу өткізіп, шекара мәселесін шешуде күш қолданбау керек деп мәлімдеді.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 шақырымына байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген.

Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

ДереккөзAzattyq.org