Басты бетҚоғамҚырымбек Көшербаев...

Қырымбек Көшербаев өңір әкімдеріне мемлекеттік рәміздерге қатысты тапсырма берді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қырымбек Көшербаев мемлекеттік рәміздер біздің Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы болып табылатынын және үш онжылдық бойы Қазақстан халқының бірлігін, тұтастығын және азаматтық бірегейлігін бейнелейтінін айтты.

Мемлекеттік хатшы сонымен бірге президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді пайдалануды кеңейтуді көздейтін заңнама мен нормативтік актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірленгенін мәлімдеді.

Отырыста мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, геральдикалық зерттеулер орталығының қызметі туралы, сонымен бірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары жөніндегі баяндама оқыды.

Фото: Akorda.kz

Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев мемлекеттік рәміздер мен геральдика саласы бойынша, атап айтқанда, осы бағыттағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, ведомстволық наградаларды оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беруде қоғамдық ұйымдардың әлеуетін кеңінен пайдалану туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдеріне өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталықтарының тиімді қызметін қамтамасыз ету, шалғай ауылдық округтердегі осы жұмысқа ерекше назар аудару тапсырылды.