Қазақстанда коронавируспен күреске тағы 265 миллиард теңге бөлінеді

Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылғы республикалық бюджет шығындары туралы баяндамасында айтты.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, пандемиямен күрес жөніндегі шаралар мен бұрын қабылданған міндеттемелерге басымдық берілді.

Эпидемияға қарсы іс-шараларға қосымша 265 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде карантин шараларын жүргізуге жұмылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге — 70 миллиард теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медицина қызметтеріне ақы төлеуге — 80 миллиард теңге, — деді министр.

Ведомство басшысы бюджеттен бөлінетін қаржы 1,3 триллион теңгеге ұлғайып, 15,3 триллионға жеткенін айтты.

Бюджет шығыны 279 миллиард теңге қосымша түсім мен Ұлттық қордан 850 миллиард теңге сомасында нысаналы трансферт тарту есебінен ұлғайған.

Бұдан басқа, президент бастамаларына бюджет бөлу процесі қайта қаралған.