Нұр-Сұлтан тұрғындарына газ тарту үшін пайызсыз несие беріледі

Халықтың экологиялық таза көгілдір отынға көшуін жеделдету үшін қаржылық ынталандырудың қосымша шараларын енгізу қажет. Бұл үшін Halyk Bank аса ірі әлеуметтік жауапты қаржы институты ретінде өз үйін газға қосуды қалайтын бірінші 100 абонентке пайызсыз кредит бере отырып, ECOJER қауымдастығының бастамасын қолдады.

Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова Halyk Bank экологияны жақсартуға және ауа бассейнін тазартуға байланысты бірқатар бастаманы қолдайтынын айтты.

Бүгінде экология мәселесі өте өзекті, әсіресе ірі отандық мегаполистер үшін маңызды. Сондықтан Halyk Bank экологияны жақсартуға және ауа бассейнін тазартуға байланысты бірқатар бастаманы қолдайды. Бүгін біз Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлерді газдандыру жобасын қолдауға дайын екенімізді мәлімдедік. Жоба қосу бойынша жұмыстардың барлық көлеміне есептелген, яғни банк газды тұрғын үйге жеткізуден бастап, барлық қажет газ коммуникацияларын қосуға және қажет жабдықты орнатуға пайызсыз қарыз береді. Бұл — біздің елорданың әуе бассейнін сауықтыруға қосқан үлесіміз. Өз тарапымыздан елорданың бизнес-қоғамдастығын бастамамызға қосылуға шақырамыз, — деді Үміт Шаяхметова.

Оның айтуынша, бұл Halyk Bank-інің алғашқы бастамасы емес. Былтыр банк Алматы әкімдігіне Алматыны газдандыру бойынша қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 92 тұрғын үйді газға тегін қосқан.

Фото: «Қазақстан Халық Банкі» PR-қызметі

Бұл — аз қамтылған отбасылар, көп балалы және мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, толық емес отбасылар. Қысты бірқатар отбасы көгілдір отынмен жылытылатын жылы үйлерде қарсы алды, — деді басқарма төрайымы.

Жүзден астам отбасы газға көшуге мүмкіндік алады, өз жағдайларын едәуір жақсартады және ең бастысы атмосфераға зиян шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.

ECOJER қауымдастығы Кеңесі төрайымы Лаззат Рамазанова бұл әлеуметтік маңызы бар жоба Мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатқанын айтып өтті.

ECOJER Қазақстан бизнесінің ең ірі экологиялық серіктесі бола отырып, кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуды және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды өз мақсаттарының бірі санайды. Ауаның ластануы экологиялық проблема ғана емес, экономикалық проблемаға да жатады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсуін баяулатады және ЖІӨ-нің жыл сайын 1,5-2% шығын болуына ықпал етеді. Біз Halyk Bank пен қала әкімдігіне елорда халқы табиғи газды өте тиімді қаржылық шарттарда пайдалануға көшуі жөніндегі жобаны қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Алғашқы 100 қатысушы осы үлкен қадамның жақсы бастауы болады және жоба басқа қаржы институттарының қатысуымен кеңейе түседі деп үміттенеміз, — деді Лаззат Рамазанова.

Фото: «Қазақстан Халық Банкі» PR-қызметі

Нұр-Сұлтанда пайызсыз несие беру бағдарламасы шарты бойынша елорда тұрғындары 750 000 теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 0%-пен кредит ала алады (қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия — небәрі 0.1%).

Пайызсыз несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар не істеуі керек?

  • кеңес алу, өлшеу мен құнын есептеуді жүзеге асыру үшін жақын жердегі ұйымға (Capital Construction 2020 ЖШС) барады;
  • газды қосу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ техникалық шарттарын алады;
  • жеткізушімен шарт жасап, ECOJER қауымдастығының «Жасыл сертификатын» алуы  керек;
  • шартпен және сертификатпен Halyk Bank-нің екі бөлімшесінің біріне пайызсыз несие алу бойынша баруы керек (Жеңіс даңғылы, № 72 үй және Бейбітшілік көшесі, № 24 үй, № 4 т.е.ж.).