Мәулен Әшімбаев президентке Сенат қарауында жатқан заң жобаларын айтты

Мәулен Әшімбаев Сенат қарауында жатқан заң жобалары жөнінде хабарлады. Олардың ішінде  жер қатынастарын реттейтін түзетулер бар.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, спикер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осы айдың аяғына дейін Сенаттың отырысына енгізілетінін, содан кейін құжат президентке қол қоюға жіберілетінін айтты.

Ал сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістерге келсек, сенаторлар аталған заң жобасының Мәжіліс қарауынан өтуін күтіп отыр. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Сенат бұл мәселені мамыр айының бірінші онкүндігінде қарап, тиісті заң жобасын қабылдауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Парламенттің жыл басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған 8 халықаралық шартты ратификациялағанын жеткізді. Қазіргі уақытта Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуына байланысты кейбір мәселелерді айқындайтын келісімдерді ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенатта мүгедектігі бар азаматтар үшін инклюзив қоғамдық орта қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылғаны туралы айтты. Бұл жұмыс тобы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша құрылды. Спикердің айтуынша, заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер мен толықтырулар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп әзірленеді.

Сенат төрағасы президентке  сенаторлардың қатысуымен өтетін алдағы бірқатар халықаралық іс-шаралар жөнінде мәлімет берді.